Биыл күзде Қостанай облысында психоневрологиялық патологиясы бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедек балаларға арналған оңалту орталығы ашылады.
Ол жерде жылына 1300-ге жуық бала ем-дом қабылдайды.
Оңалту орталығы Президент резиденциясының базасында орналасқан. 2023 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, резиденцияны оңалту орталығына айналдыру туралы шешім қабылданды. Сол уақыттан бері ғимараттар балалардың ем алуына қарай бейімделді.
Резиденция аумағындағы жеті нысанды қайта қалпына келтіруге 352,4 млн теңге бөлінген. Оңалтуға қажетті заманауи құрал-жабдықтар алу үшін «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры 1 млр 37 млн теңге бөліпті. Бүгінде алғашқы жабдықтар сатып алынған.
Құрылғылар мен жиһаздар орталықты қалыпқа келтіру жұмыстары толық біткен соң орнатылады.
Қазір құрылыс жұмыстарының 90%-ы атқарылыпты.
Бұл жерде 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі балалар ем-шара алады. Орталыққа бір мезетте 60 бала мен олардың ата-аналарының да келуіне жағдай жасалады. Мұнда ұсынылатын қызметтердің бәрі балаларға тегін.

– Өңірде 20 адамға арналған бір ғана оңалту орталығы бар. Ол жерде жылына 400 баланың ем алуына мүмкіндік қарастырылған. Ал қазір облыста 3 мыңнан астам бала мүгедек ретінде тіркеуде тұр. Көріп отырғандарыңыздай, оңалту орталығына сұраныс жоғары. Ал жаңадан ашылғалы отырған оңалту орталығы 60 орынға шақталған. Біздің мақсатымыз балалар мен аналарға барынша жағдай жасау. Қостанай облысындағы Президент резиденциясын балалардың игілігіне беру туралы шешім Мемлекет басшысының бастамасына орай қабылданды. Аталған жұмыстар «Әділетті Қазақстан» ұстанымының жарқын көрінісі, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Жұмыс істеп тұрған оңалту орталығында балалар 14 күнге дейін ғана ем алады екен. Ал күзде ашылатын жаңа орталықта 21 күнге дейін емделмек.
Жаңа орталық іске қосылса 77 қосымша жұмыс орны ашылады.
– Біздегі балалар орталығында оңалту жұмыстарымен айналысатын кәсіби мамандар бар. Қазір кадр жасақтау ісін қолға аламыз және мамандарды оқыту, біліктіліктерін артыру іс-шаралары қатар жүрмек, – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Әлия Мекебаева.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
