“«Үндестік» неге үнсіз?” : №15 мектептің директоры ата-аналар уәжіне жауап қатты

“«Үндестік» неге үнсіз?” : №15 мектептің директоры ата-аналар уәжіне жауап қатты

«Алдияр» балабақшасының құрылтайшысы «Үндестік» мекемесі мектеп ғимаратын 8 жыл бойы жалға алып келген. №15 мектептің директоры Жұмагүл Мейрамованың айтуынша, балабақшаны жалға алу туралы келісім-шарттың мерзімі ақпанның басында аяқталған.

«Біз «Үндестікке» үш жыл бойы осындай уақытта жалға алу мерзімі бітетінін, одан әрі ғимаратты жалға беру мүмкіндігін қарастырмайтынымызды айтып хабарлама беріп отырдық. Ол менің алдымда бір папка болып сақтаулы тұр. «Үндестік» басшысының жауабында уақыты келгенде ғимаратты босататыны, басқа жер қарастырып жатқаны айтылған. бірақ уақыты келсе де бізге тиесілі ғимаратты босатпай отыр. Бүгінде  мектебімізде 790 бала оқиды. Мектеп 400 орынға арналған. Яғни, бала саны екі есе артып отыр. Жаңағы 400 орынның ішінде бізде осы балабақша секілді шағын орталық бар. Ондағы бір топ толық, екіншісі жарты күн жұмыс істейді. Мұнан тыс, 3 мектепалды даярлық сыныбы бар. Бізге кабинет жетіспейді. Жалпы, осы ауданда орналасқан жалғыз қазақ мектебі болғандықтан,  бізде бала саны жыл санап артып келеді. Қазір көп ата-ана баласын аралас мектепке бергісі келмейді, таза қазақ мектебіне оқытқысы келеді. «Үндестік»  960 шаршы метрді босатқанның өзінде, бұл дәл бұрынғыдай балабақша жасындағы балаларға арналған орын болып қалады. Өз мектебіміздегі екі топты осы жерге көшіріп, оның сыртында қосымша тағы 50 бала қабылдай аламыз. Біз қазірдің өзінде қалалық білім бөліміне тағы 2 шағын орталық тобын ашуға өтініш беріп қойдық. Яғни, бұл балалардың ешқайсы далада қалмайды. Заң тұрғысынан алып қарасақ та, менің өзіме тиесілі ғимаратты жалға беруге немесе бермеуге өз құқым бар ғой. Сондықтан бұл жерде болып жатқан ұрыс-керістің бәрі орынсыз», – дейді Ж.Мейрамова.

Мектеп басшысы «Үндестік» ата-аналарды алға салып қойып, өз мүддесін қорғап отыр» деген ойда.

Мәселенің мән-жайын Қостанай қалалық білім бөлімінен сұрап білдік. Олар Қостанай мектептеріне бала сыймай жатқанын, бір сыныптағы бала саны 30-35-ке дейін баратынын айтты. Оқушылар, оның ішінде бастауыш сыныптар екі ауысымда оқуға мәжбүр болып отыр. Кей мектептерде бірінші қабаттағы оқу кабинеттерінің жетіспеушілігінен бастауыш сынып оқушылары екінші және үшінші қабатта оқып жатыр. Мұның бәрі келешекте қауіпті.

Қалалық білім бөлімінің бізге жолдаған жауап хатында:

«2020 жылдан бастап құрылтайшыларға жалдау мерзімі аяқталатыны туралы жазбаша түрде бірнеше рет хабарлама жіберіп, ертерек басқа орын басқа орын іздеп табуын ескерттік. Алайда, 2019 жылдан бастап «Aniretake 2010» ЖШС-нің бір ғана құрылтайшысы өз балабақшаларын біртіндеп №18,19,21 мектептерден шығарды. Ал, «Үндестік», «Ofsted» секілді құрылтайшылар күні бүгінге дейін қамсыз отырды. Бұл аз болғандай, олар жалдау мерзімінің аяқталатынын ата-аналарға соңғы сәтке дейін хабарламаған» деп жазылған.

Біздің түйгеніміз – ата-аналар балаларымыздың ертеңі не болады деп шырылдап отыр. Ал, білім саласының басшылары балаларды басқа орынға орналастыру және ғимаратты ауыстыру мәселесін реттеу – құрылтайшылардың міндеті. Өйткені бұл – олардың жеке бизнесі. Біз алдын ала ескерттік, енді өздерінен көрсін дегенді меңзеп отыр. Ең бастысы, бітпес даудың кесірі бейкүнә балаларға тиіп жүрмесе екен.  

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суретті түсірген Бердіболат Көркембаев     

 

Жаңалықтармен бөлісу