Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалының өкілдері ақ орамалды аналардың басын қосты. Онда әйелдердің қоғамдағы орны, қазақтың салт-дәстүрлері кеңінен әңгімеленді.
“Қазақтардың тарихында ақ орамалдың философиялық мағынасы терең. Ақ түс – тазалықтың белгісі, адамның ойы мен жан-дүниесінің пәктігін білдіреді. Бұл – адамзат өмірінің негізі болып табылатын ананың ақ сүтінің түсі, абыройдың, ізгіліктің, аманатқа адалдықтың белгісі”, – деді Аналар кеңесінің мүшесі Айтжан Кишкинтаева.
Облыстық , Аналар кеңесі, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігі атынан халықаралық орамал күнімен құттықтады.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесі төрайымының орынбасары Ақжан Алтыбаева «Ақ oрамал» сөзінің негізгі түп-төркініне тоқталды.
“Дана халқымыздың ежелгі дәстүрі – татуластыру салты жатыр: әйел-ананың басындағы орамалын шешіп, жауласып жатқан жандардың ортасына тастауы олардың жанжалды тоқтатуына себеп болғанын білеміз.Ақ жаулықты ана, ақ кимешекті әже… Көз алдымызға елестетіп көрсек, өте жарасымды көрінеді, солай емес пе? Бала күндеріңізде орамалдың қасиеті туралы аналарыңыздан, әжелеріңізден жиі естіген боларсыздар”, – деп тебіренді Ақжан Бақытжанқызы.
Кеш барысында Райхан Арыстанова жастарға орамал тағудың түрлі әдістерін көрсетті, сипатын баяндады.
“Беташар – қазақтың келін түсіргенде жасалатын салтының бірі. Жаңа түскен келіннің бетін ашып, көпшілікке таныстыру – халқымыздың құрметтейтін, ежелден келе жатқан дәстүрі. Осы керемет салтымыздың алдында жаңа түскен келінге Орамал салынады. Орамал тағудың сан түрлі тәсілдері бар екенін білесіздер. Әр жасқа сай нәзік жандылар орамалды түрлі әдіспен байлап, бастарынан тастамаған”, – деді Райхан Арыстанова.
Бұдан кейін түрлі салт-дәстүрге негізделген сахналық қойылымдар тамашаланды.
Ән-күйге кезек берілді. Толығырақ газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Суреттерді түсіргендер:
Бекзат Өмірбек, Айбол Өміртай