Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында облыстық халық шығармашылығы орталығының жанынан «Шаңырақ» ұлттық өнер орталығы ашылған болатын. Осылайша Тобыл-Торғай өңірінде ұлттық өнерді насихаттауға бағытталған жұмыстар жанданып, жаңа деңгейге көтерілді. Орталық ашылғалы облысымыздың көптеген өнерпаздары осы орталықта сұхбат беріп, өз шығармашылықтарымен бөлісіп, әсерлі әңгіме, жаңа идея, терең ой тастады. Алғашқы кездесу облысымызға белгігі жыршылар отбасы Алпысовтар жанұясынан бастау алды. Одан қалды Оңғар-Сапура, Жоламановтар отбасы, Тобыл-Нұржамал, Болатовтар отбасы, Асхат- Дидар, Шыңғысовтар, Қанат-Әсем Ражановтар, дәстүрлі әнші Талғат Молдағалиев тағы да басқа орталықтың құрметті қонағы болды.
–Республикалық деңгейде облысымызда өтіп жатқан іс-шаралардың қатысушыларымен, әділ қазылар алқаларымен де сұхбат өткізіп тұрамыз. Атап айтар болсақ белгілі жыршы Алмасбек Алматов, айтыскер ақын Шұғайып Сезімхан сияқты танымал жандар келді. Алдағы жылы ұлттық өнер орталығы өз жұмысын жаңа форматта жалғастырғанды жөн көріп отыр. Тобыл-Торғай өңірінде жас әншілер, талантты өнерпаздар жетерлік. Осы жерлес өнерпаздарымызға жеке шығармашылық кеш өткізуге мүмкүндік туғызсақ деген ойдамыз. Әр ай сайын екі өнерпаздың шығармашылық кешін, концертін берсек жақсы болар еді, – дейді мәдениет қызметкері Мұрат Нағашыбай.
Жаңа форматтағы жобада өнерпаз өз репертуарындағы әндерін шырқап, таныстырады. Халық алдында кеңінен әңгімелесіп, «Еркін микрофон» айдары да болмақ. Жиналған көрермен сұрақ қойып өнерпаздар жақсы жауап алады.
Кеш жүргізушісі әншінің жетістіктерін, марапаттарын, қатысқан байқауларын жариялап хабарлайтын болады. Жоба соңында облыстық мәдениет басқармасының алғыс хатымен марапатталады.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА