Ауыл кеші көңілді

Ауыл кеші көңілді

Жыл айрығында әр ісімізге есеп беріп, қорытынды шығарамыз. Биыл мәдениет саласында түрлі бастамалар жүзеге асты. Концерттер, фестивальдар, гастрольдер, спектакльдер, байқаулар, көрмелер өз легімен, жоспар бойынша өтіп жатыр. Осы жоспарға ауылдардың да қосылуы жақсы нышан еді. Бұл бастама Қазақстан Республикасының 2023-2029 жылдарға арналған мәдени саясатының тұжырымдамасы мен Қостанай облысы әкімі Құмар Ақсақаловтың хаттамалық тапсырмасының арқасында жүзеге асты.

Тұжырымдаманың орындалуын Қостанай облысының мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы бақылауға алып, ал облыстық көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы және кинобейнеқор орталығы жүзеге асырды. Орталықтың негізгі қызметі аудандар мен қалаларда вокалдық, аспаптық, театрлық және басқа да жанрлардың көркемөнерпаздар ұжымдарын дамыту.

 

Орталық басшысы Дәмер Қалқаев облыста барлығы 242 мәдени-демалыс ұйымы бар, оның 229-ы ауылдық жерлерде екенін тілге тиек етті.

«Барлық аудандар мен қалалардың шығармашылық ұжымдары үшін KPI бағдарламасы аясында жұмыс істеу бірінші кезекте тәжірибе алмасу алаңы болмақ. Ал облыс тұрғындары, әсіресе шалғайдағы ауыл тұрғындары ән мен күйге бөленді», – дейді ол.

Қалалық, аудандық мәдениет үйлері мен ауылдық клуб әртістерінің барлық гастрольдері бекітілген жоспар бойынша жүзеге асты. Мұндай сапарлар бұған дейін де болатын, бірақ биылғы жылдың ауаны өзгеше. Көшпелі концерттердің аумағы да едәуір кеңейіп, ауыл-ауылға тарады.

Жыл ішінде 482 концерт өткізу жоспарланса да бұл көрсеткіш артығымен орындалып, 553 концерт беріліпті. Бұл дегеніміз мұндай бастама алдағы уақытта да жалғастыруды қажет етеді деген сөз. Нәтижесінде, KPI шеңберіндегі көшпелі іс-шараларды Денисов, Федоров және Ұзынкөл аудандары көш бастап тұр. Олар KPI тұжырымдамасы аясында мерекелерді жиі ұйымдастырған. Көшпелі концерт өткізу оңай емес. Жергілікті әкімдердің қолдау қажет. Бір ғана мәдени кештің артында қаншама жанның еңбегі жатыр. Мысалы, Денисов ауданында 3 ауылдық клуб, 6 мәдениет үйі және 9 мәдени-демалыс ұйымы жұмыс істейді. Осы мәдениет ошақтарының шығармашылық ұжымдары бір жылда 55 концерттік бағдарлама өткізген. Алчанов, Окраин, Глебов сияқты ауылдары да аралап, “Ауылым – алтын бесігім” концерттік бағдарламасымен ауданнан тыс жерлерде де өнер көрсеткен. Жітіқара ауданының Забелов ауылына, Қамысты ауданының Бестөбе, Б.Майлин ауданының Байшуақ, Майский, Красносельский ауылдары да ән мен күйге бөленген. Бұл бастама осынысымен де қызық, әрі бағалы.

Ұзынкөл ауданда тек 4 мәдени-демалыс ұйымы жұмыс істейді. Сондықтан тек 8 концерттік бағдарлама жоспарланған. Бірақ Ұзынкөл ауданының ауылдық клубтарының шығармашылық ұжымдары KPI аясында 24 іс-шара өткізген. Ауданның барлық дерлік ауылдарында, соның ішінде ең шалғайдағы Пресногорьков пен Обағанға да барып, елдің басын қосқан. Кейбір концерттерге аудан әкімі де қатысып, қолдау білдіреді.

Федоров ауданының шығармашылық ұжымдары аудан әкімі сыйға тартқан көлікке мініп алып, көшпелі концерттерімен Қарабалық және Алтынсарин аудандарында, Рудный және Қостанай қалаларында да болған. Ал қарабалықтықтар Федоров ауданына келдіп, өнер көрсеткен. Осылайша әртістер өзара тәжірибе алмасып, ауыл клубтарындағы әріптестерінің шығармашылығымен танысып, тұрғындардың өмірін көркейте түсті. Көрермендер де концерттерді асыға күтіп, құрмет көрсетеді.

Тыңнан түрен салып, жергілікті халықтың көңілінен шығу оңай емес. Дегенмен, берекесі тасыған ауылдың кеші көңілді болсын десек, осындай тың жобаларды жүзеге асыру қажет. Алдағы уақытта да осы тектес іс-шаралар жалғасын тауып жатса құба-құп. Мұндағы мақсат – халыққа сапалы мәдени қызмет көрсету және мәдени-көпшілік іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыру, оған ауыл халқын қатыстыру.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

 

Жаңалықтармен бөлісу