Аманкелді батыр мен Әбдіғаппар хан сарбаздарына қылыш соққан ұстаға арнайы  кабинет ашылды

Аманкелді батыр мен Әбдіғаппар хан сарбаздарына қылыш соққан ұстаға арнайы кабинет ашылды

Батпаққара жұртшылығына Мырзахмет Елікбайұлының есімі жақсы таныс. Ол ұлт-азаттық көтеріліс сардары Аманкелді Иманов, Әбдіғаппар хан Жанбосынұлының сарбаздарына қылыш соққан белгілі ұста. Биыл Мырзахмет атаның 130 жылдық мерейтойы. Соған орай Аманкелді ауданы Қарасу ауылында арнайы іс-шара ұйымдастырылып, мектеп ішінен кабинет ашылды.

Аймаққа танымал, өңірге белгілі зергер-ұста, өз заманының қайраткері болған Мырзахмет Елікбайұлы 1893 жылы Торғай аймағының Сарыторғай өзені бойындағы Екідің ауылында дүниеге келген. Жеті атадан келе жатқан ұсталық-шеберлікке 12 жасында ағасы Қожахмет баулыған. Ата кәсіп қолөнершілікті меңгерген. Ағаштан, темірден түйін түйген ағайынды шеберлер 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліс кезінде Қараторғай болысы бойынша Әбдіғаппар, Аманкелді бастаған сарбаздарға қолдан қылыш, бердеңке соққан. 1932-1933 жылдары Жалдама бойына қоныс аударып, Ақсай деген жерде, қазіргі Қарасу ауылына қарайтын елдімекен де егін салып, ел-жұртын аштықтан сақтап қалған. 1934-35 жылдары Қоғалы серіктестігі құрылғанда белді ұйымдастырушысы болған. 1939 жылы Алматыда өткен съездге Стахановшы-колхозшы болып қатысқан. Соғыс жылдары броньмен тылда қалып, қолдан техника соққан. Тылдағы техника тілін меңгеріп ауылшаруашылық машиналарын тоқтатпаған. Ұйымдастырушылық қабілеті жоғары бағаланып, колхоз басқармасына дейін көтерілген. Соғыс аяқталған жылдары ауыр тұрмысты көтеру үшінгі колхоз жұмысында ұстаның болмауына байланысты өз еркімен басшылықтан бас тартып, колхоз ұстасы болған. Өмірінің соңына дейін халық ішінде атағы көпке тараған қалаулы ұста, белгілі шебер атанып, зергерлігімен халық арасында өте танылған.

Ұлы ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан “Қазақ өнерінің тарихы” атты 3 томдық еңбегінде, өнер зерттеушісі А.Тәжімұратов “Шебердің қолы ортақ” кітабында Мырзахмет атаның айрықша зергер-ұсталығын жазған. 1985 жылы қараша айында 92 жасында өмірден озды. Ұстаның немересі Өтежан Мырзахметовтың айтуынша жеті атадан келе жатқан өнердің қасиеті көп.

            – Жеті атадан жалғасып келе жатқан ұсталық өнер ұрпақтар сабақтастығы. Атам Елікбайдан: Сүлеймен, Қожахмет, Сейдахмет, Мырзахмет, Мырзабек деген бес ағайынды. Мен Мырзахметтің немересімін. Алты жасыма дейін атамның қолында өстім. Ол кісі жай ұста болмады. Ұсталықпен бірге дінді де қатар алып жүрді. Арабша білді, намаз оқыды. Діни қиссаларды да нақышына келтіріп айтатын. Жыршы-жырауларды жатқа айтып, домбыра тартып, терме-өсиеттерді үнемі айтып отырды. Білезік, сақина, сырға, қамзолдың түймелері және қыз-келіншектердің шашқа тағатын бұйымдарын соқты. Мырзахмет атам Әбдіғаппар хан мен Аманкелді батырдың сарбаздарына қылыш, бердеңке жасаған. Атқан оғы жүз метрге дейін жететін мылтық істеген. Ашылған кабинетте атамның өзі жасаған зергерлік заттары және көрігі, таяғы, қасқыр ішігі тұр. Жалпы кабинетке бір жарым миллион теңгеге жуық қаражат жұмсалды. Оған темір, ағаш кесетін еңбек құралдарын түгелдерлік алып бердік. Жалпы осы іске бастамашы болып, сыртта жүрген ұл-қыздардың басын қосушы ол Қайыржан есіміді ініміз. Соның арқасында кабинет ашылды деуге болады, – дейді ұстаның немересі Өтежан.

Кабинеттің ішкі жұмыстарын жүргізуге бір айдай уақыт кеткен. Оған керекті құрал-жабдықтарды алу бір бөлек, оны орналастыра білудің өзі үлкен ерлік. Атасына деген ерекше құрметі Қайыржан Мырзахметовты бейжай қалдырмаған. Өзі білек сыбана іске кіріскен.

            – Біздің өлке де батыр да, жырау да, ұста да аз болмаған. Өкінішті тұсы есімдері жиі атала бермейді. Бұл жас ұрпақ үшін өте тиімсіз. Себебі әрбір өскелең жас өткен тарихы мен тұлғалары жайлы білуі парыз. Соған орай Мырзахмет Елікбайұлына арнайы кабинет ашу туралы бастама көтеріп, ол мақұлданып іске кірістік. Бір ай ішінде керекті заттарды жайғастырдық. Атамыздың тұтынған және өзі соққан зергерлік бұйымдары қойылды, – дейді Қайыржан.

Мағынасы терең іс-шараға аудан әкімі Талғат Карбозов және жергілікті билік өкілдері де қатысты. Ашылу салтанатында сөз сөйлеп, лентасын қиды.

            – Бұл іс-шараның мағынасы зор деп білеміз. Қазір дарында балалар көп. Олардың қарым-қабілетін ашу үшін осындай арнайы кабинеттің болғаны жөн. Бүгін кабинеттің ғана ашылуы емес, ұста есімнің дәріптелген күні. Нәтижесінде арнайы қолөнер байқауы, мектеп оқушылары әзірлеген қойылымдар өтті. Жасөспірімдер ұсталық өнердің қыр-сырымен танысты. Міне, бұл тағлымды іс-шараның берген мол пайдасы деп білемін, – дейді Аманкелді ауданының әкімі Т. Карбозов.

Бейбіт НҰРМҰХАНОВ

Аманкелді ауданы

 

Жаңалықтармен бөлісу