ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Рудный қаласына барып, өнеркәсіп кәсіпорындарының қызметкерлерімен кездесті. Еңбек ұжымдарымен өндірістегі қауіпсіздік пен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, зиянды жағдайда ұзақ уақыт жұмыс істейтін азаматтарға 55 жастан бастап зейнеткерлік жасқа толғанға дейін арнайы әлеуметтік төлем тағайындаудың негізгі тәсілдері туралы айтты. Кездесу кеншілер қаласы “Горняк” мәдениет үйінде өтті.
–Арнайы әлеуметтік төлемдер 55 жасқа толған және 7 жыл бойы міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бар, зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмыскерлерге тағайындалады деген шешім қабылданды. Арнаулы әлеуметтік төлемдер төрт көзден: республикалық бюджеттен 1,5 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде; Үкімет қаулысымен бекітілген тәртіппен БЗЖҚ-дан міндетті кәсіптік зейнетақы жинақтарын ескере отырып, міндетті зейнетақы жарналары есебінен; өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялардан 1 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде жұмыс берушілердің қаражаты 1 ең төмен күнкөріс мөлшерінде; жұмыс берушілердің қаражаты 1 ең төмен күнкөріс мөлшерінде жүзеге асырылатын болады, –деді Светлана Жақыпова.
Министр заңнамаға енгізілген түзетулердің тиісті жобасы ҚР Парламенті мәжілісінің қарауында екенін атап өтті.
Кездесу барысында Светлана Жақыпова Қостанай облысы кәсіпорындар қызметкерлерінің сұрақтарына жауап беріп, БАҚ өкілдеріне сұқбат берді.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков