Табиғаты кербез, жағалай сыңсыған қалың орманы бар, жұртқа таныс «Жайлау» демалыс базасы орналасқан маңнан бірінен-бірі асатын қос нысан пайда болады. Әлеуметтік және туристік маңызы бар жобалар аудан ажарын аша түседі деп болжанып отыр. Олардың бірі – Green Hous демалыс аймағы. Қазірдің өзінде қабырғасы көтеріліп қалған. Ғимаратты «Green Hous 10» ЖШС инвестиция құйған. Жоба құны – 150 млн теңге.Белгіленген аумақта он бес үй, кафе, балалар ойыны алаңы және бассейн құрылысы жүріп жатыр. Идея авторы, «BazisStroyGroup»ЖШС атқарушы директоры Қайрат Үтірбаевтың айтуынша, жұмыстар 2024 жылы аяқталады. Алтынсарин ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Құмар Ақсақалов «қандай да бір көмек керек пе?» деп сұрады. Ол сендіргендей, әзірге еш мұқтаждық жоқ.
«Бұл менің көптен бергі арманым еді. Кезінде спортпен шұғылданғанмын. Денсаулықты күту, бйо-денені сергек ұстау, жайлы демалыс деген дағдылар маған таңсық емес. Адамдарға жайлы, жақсы демалуға жағдай туғызатын база құруды көздедім. Іске асар күн де алыс емес. Ал, нысанның туристік қуатына келер болсақ, жылына 800 адам қабылдауға қауқарлы болады», – деп отыр Қайрат Бақытжанұлы.
Өңір басшысына таныстырылған тағы бір ерекше жоба – «Baden- Baden» аталатын термалды курорт. «Азурит» ПТФ» ЖШС директоры әрі инвестор Светлана Шипилкина сауықтыру бағытындағы нысан туристер тартудағы әлеуеті аса зор болады деп сендірді. Аумағы 7 гектар жерді қамтитын шипалы қауыздар кешені жылына 700 адамға қызмет көрсете алмақ. Жобаға алғашқы жылдың өзінде аз қаржы бөлініп отырған жоқ – 1, 430 млрд теңге. Ал жалпы 2026 жылға дейін, құрылысты толық аяқтау үшін 3 млрд теңгедей ақша керек.
«Әлемдік бренд саналатын Baden- Baden желісін туған жерімізде салу жауапкершілігін мойныма алған соң оның мансабына нұқсан келмейтіндей сапалы болуы керек. Тек біршама қолдауға мұқтажбыз. Атап айтқанда, коммуникация, газ, су, электр, құбыр желілерін тарту мәселесі біржақты етілсе деген тілегіміз бар. Сондай-ақ жобамыз несиелендірілсе, нұр үстіне нұр болар еді», – дейді С.Шипилкина.
Өңір басшысы оның кәсіпкерлік бастамасын қуана қолдайтынын, әкімдік тарапынан қажетті көмек беруге әзір екенін жеткізді.
Жандос ЖҮСІПБЕК
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков