Техникалық және кәсіптік білім берудің өзекті мәселелері «АМАNАТ» партиясы облыстық филиалы жанындағы облыстық білім және денсаулық сақтау кеңесі отырысы барысында талқыға салынды.
Баяндама жасаған білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Талғат Саламатов 33 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 23 мыңға жуық студент білім алып жатқанын айтты. Оның 19 мыңнан астамы мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқуын жалғастыруда.
– Жыл сайын мемлекеттік тапсырыстар орта есеппен 300-500 орынға артады. Өңірдегі 42 кәсіпорыннан түскен мақсатты тапсырыс аясында екі жыл ішінде 1404-і оқытылады. Сонымен бірге, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің колледждермен өзара әрекеттесуінің әлсіздігі туралы біз қайта-қайта айтып жүрміз. Осы мәселені шешу үшін осы жылы колледж директорларының қызметін бағалауға KPI енгізу жоспарлануда, оның көрсеткіштерінің бірі мемлекеттік тапсырыстың жалпы көлемінен 25 пайызы нысаналы тапсырыстың пайыздық үлесі болады, – деп атап өтті Талғат Саламатов.
Сондай-ақ отырыс барысында кеңес мүшелері медициналық ұйымдарды жоғары технологиялық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мәселесін қарады.