Учаскелік полицейлер Рудныйдағы алаяқтық дерегінің алдын алды деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
56 жастағы ер адам банктен несие рәсімдеп, қаскүнемдерге ақша аудармақ болған екен. Алаяқтың бұл әрекетін полиция қызметкерлері уақытында байқаған. Оқиға былай болған. Тәртіп сақшылары кеншілер қаласындағы дүкендердің бірінен терминал жанында әбігерге түсіп жатқан адамды байқайды.
«Әрекеттері біртүрлі болып көрінгесін, не болып жатқанын білуге қасына жақындадық. Әңгіме барысынан оның алаяқтарға бір миллион теңге көлемінде ақша аударғысы келетінін түсіндік, – дейді учаскелік полиция инспекторы Ерлан Абдулманов.
Осылайша, алаяқтарға сенім артып, қала тұрғыны банктен несие рәсімдеп, олардың шотына аудармақ болады. Учаскелік полиция қызметкері бұл қылықтың себебін анықтап жатқанда, алаяқтардың қоңырау шалуын тоқтатпағанын айтады.
Полицейлер жәбірленушіге мұның өтірік екеніне көзін жеткізіп, кіріс нөмірлерді бұғаттап тастайды. Олар банкке қайта оралып, алынған несиені толық төлейді.
«Жәбірленушінің сөзіне қарағанда, ол гипнозға ұшыраған сияқты. Оған кешке жақын банк қызметкері қоңырау шалып, оның атына несие алуға тырысып жатқанын және мәселені тез арада шешу үшін белгілі бір мөлшерде қаражат қажет екені ескертілген. Ол дереу банктен несие рәсімдеп, алаяқтарға аудармақ болған. Бірақ біз бұл әрекетті уақытында байқадық», – дейді полиция қызметкері.
Қала тұрғыны полиция қызметкерлеріне алғысын білдірді.