Сарыкөл көшелері күрделі жөндеуден өтіп, бағдаршам орнатылып жатыр

Сарыкөл көшелері күрделі жөндеуден өтіп, бағдаршам орнатылып жатыр

Соңғы жылдары Сарыкөл ауданында халықтың әл-ауқаты жақсарып, маңызды мәселелер оң шешімін тауып келеді. Соның ішінде жол мәселесі де тұрақты назарда болып, әр жылы кент орталығында және елді мекендерде көшелер асфальттанып жатыр. Мысалы, аудан орталығындағы бірқатар жолдың жаңа кейіпке енгенін айтуға болады.

Жұмыстың басым бөлігі «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында қолға алынды. Еліміздегі бұл бағдарлама ауылдардағы тұрмыс-тіршілікті жақсартуға бағытталған. Сонымен қатар шалғай елді мекендерді де абаттандырып, жаңа бір деңгейге көтеру мақсатын көздейді. Бағдарлама шеңберінде жастар жұмылып жұмыс істеп, ауылдарды әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамытуға атсалыса алады. Ауыл тұрғындарының материалдық әл-ауқатын көтеру үшін кәсіпкерлердің де үлесі зор болмақ.

Жыл басында бұл жоба туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров:

«2023 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша республикада 6 293 ауылдық елді мекен бар, онда 7,8 миллионға жуық адам тұрады. «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру үшін елдегі ауылдардың жалпы санынан даму әлеуеті жоғары, ауыл тұрғындарының 90%-ы тұратын 3,5 мың ауылдық мекен іріктеліп алынды», – деген болатын.

Министрдің сөзіне қарағанда, бұл ауылдарды дамыту жұмысы 2019 жылдан бері «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде жоспарлы түрде басым тәртіппен жүзеге асырылуда.

Инфрақұрылымды жаңғырту есебінен ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, елді мекендерді өңірлік стандарттар жүйесінің параметрлеріне жеткізу үшін 2019-2022 жылдары республикалық бюджеттен 326 млрд теңге бөлініп, 3,7 мың жоба іске асырылды. Атап айтқанда, 334 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысаны, 1,2 мың әлеуметтік инфрақұрылым нысаны және 2,2 мың көлік инфрақұрылымы нысанын жаңадан салуға және жөндеуге мүмкіндік берді, шамамен 30 мың жұмыс орны құрылды.

Міне, осы бағдарлама аясында Сарыкөл ауданында да бірқатар жұмыстар қолға алынып жатыр. Солардың бірі – көп жылдар бойы кезегін күткен Мир көшесіне жүргізілген күрделі жөндеу.

– «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы Сарыкөл орталығындағы Мир көшесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Келісім-шарт бойынша 80 миллионнан астам қаражат жұмсалды. Жұмыстармен мердігер «Мелоян» ЖК айналысты. Көше бойында 78 үй, үш дүкен және бір балалар алаңы орналасқан. Бұған дейін жарықшамдар тартылған еді, енді алдағы уақытта көшеге жолда жүру белгілері қойылады, – дейді Сарыкөл кентінің әкімі Сергей Горшенин.

Сонымен қатар, әкімнің айтуынша, Сарыкөл кентінде алдағы жылы 19 көшеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сметалық құжаттары дайын тұр, сараптамаға жіберілген. Бүгінде Строительный, Комсомол және Мир көшелерінің жұмыстары толығымен аяқталды. Тек Миронов көшесі ауа райының қолайсыздығына байланысты келесі жылға қалдырылды. Бұл көшеге қиыршық тастар төселіп, тегістелді. Алдағы жылы жалғасатын болады.

«Жол қадірін жүрген білер» демекші, осыған дейін «жаңбырлы күні көшеде жүру мүмкін емес» деп, әкімнің әр есеп беру кездесуінде базыналарын айтатын көше тұрғындары дән риза.

– Біздің Мир көшесінің жолымен жаңбырлы күні ғана емес, жай күндері де жүру мүмкін емес-тін. Көлігіңнің астын ұрып аласың, сосын оны барып жөндету керек. Міне, биыл жолымыз жөнделіп, қуанып жатырмыз. Біз үшін көптен күткен жағымды жаңалық осы болды. Жергілікті билік өкілдеріне алғысымызды айтамыз, – дейді көше тұрғыны Аян Жолдыбаев.

Сонымен қатар, биыл жол-көлік оқиғасы жиі орын алатын Сарыкөл кентінің үш көшесіне бағдаршам орнатылды. Қазіргі таңда сол бағдаршамдардың қыз-
меті зор, жол апатының алдын алуға септігін тигізуде.

Бұл бағдаршамдар Павших Борцов көшесінің Меңдеке батыр және Әлібек батыр қиылыстарында, Абай мен Айтбай батыр көшелерінің түйіскен тұстарында қойылды. Оны орнату жұмыс-
тарымен «Strong Service» ЖШС айналысты.

– Аудан әкімдігі мен полиция бөлімі тарапынан жасалған сараптама нәтижесінде жол-көлік оқиғасы жиі тіркелетін үш көшеге бағдаршам орнату бойынша жергілікті бюджет есебінен жобалық-сметалық құжаттама әзірледік. Аталған ұсыныс аудан әкімі тарапынан қолдау тапты. Бағдаршам құрылғысын орнату бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, сәулет құрылысы бөлімі тарапынан мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде мердігер мекеме анықталып, бағдаршам орнату жұмыстары іске асырылды. Жоспарланған уақыттың ішінде бағдаршам құрылғысы іске қосылып, пайдалануға берілді. Жалпы, 3 бағдаршамға жергілікті бюджеттен 19 млн.790 мың 400 теңге бөлінді. Алдағы жылы осындай жұмыстарды жалғастыру жсопарда бар, – дейді бөлім басшысы Батырқайыр Қасымов.

Жалпы айтқанда, жыл өткен сайын Сарыкөл кентінің ішкі жолдары жөнделіп, жарықшамдар орнатылып, ел іші абаттандырыла бермек. Ең бастысы, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы жылы да жалғасын таппақ.

Руслан ӘЛКЕЕВ

Сарыкөл ауданы

 

Жаңалықтармен бөлісу