Жерлесіміз әлем чемпионы

Жерлесіміз әлем чемпионы

 Жақында  Ресейдің Екатеренбург қаласында ММА-дан әлем чемпионаты өтті. Онда жерлесіміз Айым Ағытаева ұзақ дайындығыны ең маңызды нәтижесін көрсетіп әлем чемпионы атанды. Жарыстың алғашқы  бөлігінде Ресей, Якутия және өз елімізден барған үш қарсыласынан басым түсіп, финалда  ұпай санымен жеңіске жетті.

«Турнирден кейін бірден анама қоңырау шалып, оны қуанттым. Барлық еңбегімнің бекер кетпегенін ұқтым. Бала кезімнен таңдаған жекпе-жек спорты  денсаулығымды сақтауға көмектеседі, ерік-жігерімді көрсетеді. Бұл спорт маған тек рақат сыйлайды. Әрине, басында өте қиын болды, бірақ уақыт өте келе  ұнай бастады. Сүйікті ісіме өз уақытымды,  күш-жігерімді  жұмсағаныма ешқашан өкінбеймін, өйткені болашақта бұл менің мансабым болатынына сенемін», – дейді әлем чемпионы.

Айым тоғыз жасынан бастап спортпен шұғылданады. Жекпе-жектің дзюдо, бокс, қоян-қолтық ұрыс секілді көптеген  түрлерімен жаттығып көрді.  Бүгінде Дружба орта мектебінің 10-сыныбында оқитын ол  жекпе-жектің ММА түрінен өзінің сара жолын тапқанына сенімді.

«2022 жылдан бері «Барыс» клубында жаттығып көптеген жарыстарға қатыстым, Мен үшін ең маңыздысы Екатеринбургтегі жарыс болды. ММА бойынша әлем чемпионаты болдым. Жарыс жолында үш  рет шетелге шығып, жүлделі орындарға ие болдым», –  дейді Айым.

Он алты жастағы өрімдей атлет  бірнеше медальдар мен белбеулердің, облыстық, республикалық, әлемдік кубоктердің иегері. Осы жылдың өзінде Қазақстан чемпионаттары мен халықаралық турнирлерде жеңіс тұғырынан көріне білді.

«Ең есте қаларлық жарысым деп  Қырғызстанға жасаған сапарым деп айта аламын. Әлем кубогінде күміс жүлдемен елге оралдым.  Ал биыл мен Қазақстанның жеті бірдей чемпионатына қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Қырғызстан елі менің шетелге шыққан алғашқы қадамым болды. Маған олардың ұйымдастыру жағы  қатты ұнады, жарыстары өте жоғары деңгейде өтті. Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Сирия және Үндістаннан келген қыздармен жекпе-жекке шықтым. Мен үшін бұл бірінші ең көп  жекпе-жек өткізген жарысым болды», – дейді Айым Ағытаева.

Айбек ҒАЛЫМҰЛЫ

Жаңалықтармен бөлісу