А.Имановтың 150 жылдығы, С.Көбеевтің 145 жылдығы және Ғ. Қайырбековтың 95 жылдығына арналған «Ұрпағың саған тіл қатты» атты қалалық жазба ақындар мүшәйрасы өтті.
Арқалықтағы жыр додасының сарапшылары талант иелерінің өлең-жырларындағы сөз қолданысына, ой жүйелігіне, көркемдік ерекшелігіне, тақырыптың ашылуына, шығармаларын мәнерлеп, жатқа оқу шеберлігіне, дауыс мәнері мен тіл тазалығына, сахна мәдениетін бағалап, жаңа туындының еш жерде жарияланбағанына назар аударды.
«Қаламызда жыл сайын жалғасын тауып келе жатқан бұл мүшәйра жас талапты ақындардың өнерін дамытуына, сонымен қатар олардың өнер ортасын қалыптастыруына, өлеңмен тәжірибе алмасып әрі қарай елге танылуына үлкен мүмкіншілік беруде»,– дейді әділқазылар алқасының төрағасы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Арқалық қаласындағы “Дала өлкесі тарихы” облыстық музейінің ғылыми қызметкері, айтыскер ақын Батырлан Сағынтаев.
Үш кезеңді қамтыған жыр жарысының қорытындысы бойынша бірінші орынды Родина ауылының ақыны Ернағыз Жанатқан жеңіп алды.
Родина ауылдық клубының мәдени ұйымдастырушысы Мұратбек Әбдісалықов ауылдасының жеңісіне дән риза. Ол талапты жас маманның ауылдағы орталықтандырылған кітапханада еңбек етіп, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып жатқанын айтады.
Мүшәйраның екінші және үшінші орындарын Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педогогикалық институтының студенттері Айбек Құндақбаев, Гүлнұр Темірболатқызы, Думан Елубай иеленді.
Ғафу Қайырбеков атындағы жүлде Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педогогикалық институтының студенті Сейфуллин Насихатұлына, Спандияр Көбеев атындағы жүлде Ы. Алтынсарин атындағы гимназия оқушысы Әсел Маратқызына, Амангелді Иманов атындағы жүлде Ақбұлақ негізгі мектебінің оқушысы Рүстем Төлепбергенұлына табысталды. Ал, «Жас қалам» номинациясы Б. Майлин атындағы №3 жалпы білім беретін мектебінің оқушысыМақсат Адайұлына берілді.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы