Арқалықта батадан жарыс өтті

Арқалықта батадан жарыс өтті

Ұмытылып бара жатқан ұлттық құндылықтарымызды қайта жаңғыртуды көздеген дәстүрлі жарысқа қала және қалаға қарасты ауылдардан алпыс жастан асқан ақсақалдар мен ел ағалары қатысты. Тағылымды іс-шараның салтанатты ашылуында ән мен жырдан шашу шашылып, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Түбекбай Әубәкіров қатысушыларға ақ жол тіледі.

«Бата беру – адал ниет, жақсы тілек білдірудің дәстүрі. Дастархан басында, түрлі жиын-тойларда, адам өмірінде кездесер ірілі-ұсақты қуанышты кезінде қол жайып, бата береді. Сондай-ақ, алыс жолға аттанған азаматына ақ жол тілеп бата береді. Бата қысылғанда- қуат, қиналғанда-медет беріп, әрбір іс-әрекетіңе даңғыл жол ашып, бәле-жаладан қорғайды деп есептелген. Халық ақ батадан рухани қуат алады, ол жақсылыққа жол ашады деп сенеді. Сондықтан да  ежелден-ақ қадірлі қариялардан, атақты батыр, билерден, шашасына шаң жұқпайтын шешендер мен арқалы ақындардан бата алуға құштар болған»,– дейді қалалық мәдениет сарайының әдіскері Елугүл Әбдікәрімова.

Сайыс үш кезеңді қамтыды. Нәтижесінде бірінші орынды Фурманов ауылынан қатысушы Қалдыбай Суханов (65 жаста), екінші орынды Молодежный ауылынан қатысушы Марат қажы Сұлтанбеков (74 жаста), үшінші орынды Арқалық қаласынан қатысушы Бөлтірік Молдашов (75 жаста) жеңіп алды.

Сондай-ақ, Аққошқар ауылынан қатысушы Нұрсұлтан Қадыр (72 жаста), Ашутасты ауылынан қатысушы Тілеген Омаров (62 жаста), Қайыңды ауылынан қатысушы Мейрамбек Молдахметов (62 жаста) ынтанландыру сыйлықтарымен марапатталды.

«Бүгінгі кештен алған әсеріміз өте зор болды. Жастарға берер тәлім-тәрбиесінің мол екендігі сөзсіз. Қартын сыйлаған, қарияларын құрметтеген ел бақытты ел. Қаламызда осындай іс-шаралардың жиі өткізіліп тұратынына қуаныштымыз», – дейді қала тұрғыны,зейнеткер Қапар Биекин.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Арқалық қаласы

 

Жаңалықтармен бөлісу