Кадр тапшылығы болмауы үшін техникалық және кәсіптік білім беруді дамытып, жұмыс берушімен арадағы байланысты дамыту керек. Мемлекеттік тапсырыстың артықшылығы – колледж бітірген соң студент тапсырыс берушінің компаниясында жұмыс істейді. Ол үшін білім беру ұйымы, кәсіпорын және студент арасында үш жақты келісім-шарт жасалады. Облыстық әкімдікте осы мәселе қаралып, талқыланды. Мұндай ынтымақтастық білім беру бағдарламаларын жаңартуға және еңбек нарығының сұранысына сай кадрларды даярлауға мүмкіндік береді. Яғни белгілі бір мамандарға өтінім беру арқылы кәсіпорын өз өндірісіне сай дайындалған кадрларды алуға мүмкіндігі болады.
Облыс көлемінде техникалық және кәсіптік білім беретін 33 колледж бар. Онда 23 мың бала білім алады. Жастарға үкімет есебінен тегін оқыту үшін орындар қатары жылына 300-500 ге көбейіп отырады.
–Биыл былтырмен салыстырғанда мемлекеттік тапсырыс аясы 301 орынға көбейген. Оның ішінде 42 өңірлік кәсіпорын мақсатты тапсырысы бойынша 717 бала 23 колледжде білім алуда, – дейді облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Т.Саламатов.
Сонымен қатар дуалды білім беру де жалғасын табуда. Биыл 5 мыңға жуық студент қамтылған. Олар оқи жүріп, жұмыс істеуге бейімделуде. Қазір білім беру басқармасы – кәсіпорын – колледж араснда үш жақты келісім орнатылған. Бұл өте тиімді дейді баяндамашы.
Жиналыста «Баян Сұлу» кондитерлік фабрикасының қызметкері А.Әлмұхамедова сөз алды. Фабрика техникалық және кәсіптік білім беретін колледждермен тығыз байланыс орнатқан. Осының арқасында өздерін кадрмен қамтамасыз етеді. Студенттер кәсіпорында 6 бағыт бойынша тәжірибеден өтеді. Биыл екі колледжде мақсатты тапсырыс бойынша 35 бала білім алып жатыр. Бүгінде 40 түлек жұмысқа орналасып, өз мамандықтары бойынша еңбек етуде.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов 14 жылдан бері 500-ден астам студент тәжірибеден өтіп, соның тек 40 адамы жұмысқа келгені өте аз екенін білдірді.
–Мен кәсіпорындарда көп боламын, аралаймын. Бәрі де кадр мәселесін алға тартады. Мемлекет жастарға білім алу үшін барлық жағдайды жасап отыр. Жылына қаншама жас маман қолына диплом алып шығады. Сонда да бізге кадр жетіспейді. Сондықтан бұл арада байланысты нығайту қажет. Кәсіпорындар, ауыл шаруашылық орындары мақсатты тапрысысты көбейтулері керек. Мысалы, Әулиекөл аудынанда 244 ауылшаруашылығы бар болса да тек 5 студентке міндетті тапсырыс берген. Денисов ауданы 6-у ғана. Әр шаруашылық кадрды мектеп жасынан көздеп, дайындағаны жөн. Колледжде білім алған бала ертең туған жеріне қайта оралатындай болуы керек. Өзара ынтымақтастық еңбек нарығының сұранысына сай маман әзірлеуге мүмкіндік береді. Осыған орай жүйелі жұмыстың болуын талап етемін, – деді аймақ басшысы.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Суреттерді түсірген Б.Көркембаев