Биыл алаштың ардақтысы, ұстаз Спандияр Көбеевтің туғанына 145 жыл. Соған орай, ұрпақтары мен Өтей руынан шыққан атымтай жомарт азаматтар көптеген іс-шара ұйымдастырып жатыр. Соның бірі, жақында олар А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ-дегі ағартушы атындағы кабинетке техникалық құрал-жабдықтар сыйлады.
С.Көбеев 1878 жылы бұрынғы Торғай облысы, Обаған болысына қарасты нөмiрі үшiншi ауылда – қазiргi Ақсуат ауылында дүниеге келген. Тарихқа көз жүгіртіп қарайтын болсақ, ол ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің алғашқы шәкірттерінің бірі екенін байқаймыз. Себебі, мектеп жасына жетiп қалған бала Спандияр бiрде әкесiмен бiрге сол кездегi дәулеттi кiсi Соқытбайдың ауылына барғанда, Ыбырай Алтынсариндi алғаш рет көрген. Содан көп кешiкпей сол ауылда ұлы ағартушы Ы.Алтынсарин бiрiншi рет екi жылдық мектеп ашады. Ал, Спандияр Көбеев 1887 жылы ұлы ағартушының көмегімен аталмыш мектепке алынады.
– Спандияр атамыздың 3 ұлы, 1 қыз баласы болған. Үлкен ұлы Шәмел, Нәзір, Сәбит және қызы Рабиға. Бұл кісілердің бәрі де өмірден озған, десе де Аллаға шүкір артындағы ұрпақтары өмірін жалғастыруда. Мен Нәзір деген кісінің ұлы боламын. Өтей ұрпақтары бірігіп осындай сүбелі іс ұйымдастырып отырмыз. 2017 жылы Өмірзақ Сұлтанғазин атындағы педагогикалық институтында Спандияр Көбеев атындағы аудитория ашылған еді. Міне, ұрпақтары бірігіп осы кабинетке заманауи үлгідегі аудио техника, екі сымсыз микрофон, офистік проектор сияқты керек жабдықтарын әперіп жатырмыз, – дейді немересі Қуанышбек Көбеев.
Аталмыш іс-шараға облыстық мәслихат төрағасы Сайлаубек Ещанов, облыстық мәслихат депутаты Қырмызы Сапарқызы мен А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ-нің ректоры Сейітбек Қуанышбаев қатысты.
Бейбіт НҰРМҰХАНОВ