Мемлекеттік қызметтің жаңа мәдениеті қалыптасып “ең алдымен адамдар” қағидаты алға шықты. Мемлекеттік қызмет біріншіден ашықтықты талап етеді.
Яғни, мемлекеттік қызметші алдына мәселемен келген адамның талап-тілегіне тиісті жауап беруге тиіс. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы:
“Мемлекеттік аппаратты жаңғыртып, бюракратиядан барынша арылту үшін жүйелі жұмыс жалғасады. Біз қоғамның барлық өкілдерінің талап-тілектеріне жауап беретін озық мемлекет құруымыз керек. Басқару жүйесінің тиімділігі жұмыстың барысымен емес, түпкі нәтижемен өлшенетін болады”, – деген еді.
Қостанай қаласы әкімдігі Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаментімен, Қостанай облысының әкімдігімен және “Азаматтарға арналған үкімет” КЕАҚ филиалымен бірлесіп, “Нәтиже” фронт-кеңсесінде “Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер жәрмеңкесін” өткізді. Онда әр мекеме мамандары түрлі сұрақпен келген адамдарға қызмет көрсетті. Тұғындардың көбі жер кезегіне тұру мен алу және тұрғын үй кезегіне тұру сынды мәселемен жүгінді.
– Жер учаскесін сатып алу жөнінде жүгіндім. Мамандар сауалыма тиісті жауап берді. Қандай құжаттар қажет екенін біліп алдым. “Нәтиже” фронт-кеңсесі өте тиімді. Кез келген мемлекеттік қызметті осында келіп алуға болады. Бәрі бір жерге шоғырланған. Яғни, жер, үй, ХҚО мәселесімен келген адамдарға бір ғимарат ішінен ақпарат алуларына жағдай жасап қойған, – дейді қала тұрғыны Василя Белоглазова.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша департамент басшысы Ерлан Салықбаев “Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер жәрмеңкесін” өткізу дәстүрге айналғанын әрі ол барлық жағынан тиімділігін көрсеткенін айтады. Бірнеше сала бойынша сауал туындаса, әр мекенжайға барудың қажеті жоқ. Өйткені, “Нәтиже” фронт кеңсесінде басқарма өкілдері отырады. Сондай-ақ, Департамент мемлекеттік қызмет түрін алушылардың да құқығын қоғаумен айналысады.
– “Нәтиже” фронт-кеңсесінде мемлекеттік қызмет көрсету ашық түрде жүргізіледі. Яғни, мемлекеттік қызмет алушы жеке мәселесімен басқарма өкілдеріне жолығып, тиісті жауап алуға құқылы. Бүгінгі таңда мемлекеттік көрсетілген қызмет санының айтарлықтай артқанын байқауға болады. Көрсетілген қызметтің 99 пайызы электронды форматта жүргізілді. Сонымен қатар, биылдың өзінде қызмет алушыға 10 млн-нан астам қызмет түрі көрсетілді. Мемлекеттік қызмет алушының құқығы қатаң қорғалады. Мемлекеттік қызмет алу барысында адамдардан түскен шағым бойынша тиісті жұмыстарды атқарамыз. Тұрғындардың көбі көрсетілген мемлекеттік қызмет сапасының төмен екенін айтып арызданады. Оның ішінде жер учаскесін алуда келеңсіздіктер көп орын алады. Біз тиісті мемлекеттік қызметшінің ісін Әдеп жөніндегі кеңес мүшелелерімен қарап, шара қолданамыз. Тұрғын өз құқығының бұзылғандығын білсе, департаментке шағым түсіре алады. Ол үшін бізде сенім телефоны жұмыс істейді. Сондай-ақ, “Нәтиже” фронт-кеңсесінде департамент өкілі отырады, көрсетілген қызметке көңілі толмаған адам өкілге жолығып өз құқығын қорғауға және толық түрде мәлімет алуға хақы бар, – дейді Департамент басшысы.
Биыл президенттік жастар кадрлық резервіне үшінші іріктеу жүріп жатыр. Сұлтан Бекмағамбетов қала әкімдігінде ұйымдастыру бөлімінің бас маманы болып істейді. Ол іріктеуге қатысып көруді жоспарлап отыр. Алайда, шарт бойынша мемлекеттік қызмет саласында еңбек өтілі бес жылдан кем болмауы керек, ал Сұлтанға әлі төрт жыл күту қажет. Бірақ жас мемлекеттік қызметші алдағы төрт жылды босқа жібермей, өзімді дамытумен айналысамын дейді.
– Президенттік жастар кадрлық резерві жайлы толық мәлімет алдым. Іріктеуден өтіп, өзімді жаңа қырынан танытқым келеді. Алайда еңбек өтілім сай келмейді екен. Алдағы төрт жылда біліктілігімді арттырып, тапсыруға бел буып отырмын. Яғни, басқарушылық қабілетімді жетілдіріп, өзімді сол жағынан сынап көргім келеді. Менің пайымдауымша, мемлекеттік қызметші болатын адамның бойынынан адалдық, еңбексүйгіштік қасиеттер табылуы қажет. Ашықтық алдыңғы қатарда болуы шарт. Қоғамнан оқшау болмай, керісінше етене жақын араласып, адамдармен үздіксіз байланыс орнатуға міндетті деп санаймын, – дейді Сұлтан Бекмағамбетов.
Президент Қ.Тоқаев та мемлекеттік қызметке келген адам ең алдымен халықтың алдында жауапкершілікті сезінуі керек екенін айтқан еді.
“Мемлекеттік аппарат бизнеспен, үкіметтік емес ұйымдармен және азаматтармен тығыз жұмыс істеуге баса назар аударуға тиіс. Сол арқылы ел мүддесіне сай тиімді шешімдер қабылданып, халыққа көрсетілетін қызмет сапасы жақсара түседі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент мемлекеттік қызметкерлер барынша ашық жұмыс жүргізіп, халыққа шынайы есеп беруі керек екенін міндеттеп отыр. «Мемлекеттік қызмет дегеніміз – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес. Бұл – туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау деген сөз», – деген еді Мемлекет басшысы.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ