Бүгін облыс әкімі Қ.Ақсақаловтың қатысуымен облыстық мәслихаттың сегізінші шақырылымының кезектен тыс сессиясы өтті.
Отырыста пилоттық өңірлердің тізбесін және аудан, қала әкімін сайлау күнін белгілеу мәселесі қаралды. Облыстық мәслихат депутаттарының алдына сайлау өткізілетін өңірлерді анықтау міндеті қойылды. Облыс әкімі мұның халық сұранысы бойынша жүзеге асқалы отырған саяси қадам екенін айтты.
«Аудан және қала әкімдерін сайлау – маңызды шешім. Бұл – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформалары аясындағы елеулі қадам. Ол өзінің сайлауалды бағдарламасында да, Жолдауында да осы мәселеге баса назар аударды. Бұны дамыған мемлекеттер тәжірибесіне сүйене отырып қабылданған шара деуге болады. Өздеріңіз білесіздер, 2,5 жыл бұрын ауыл әкімдерінің сайлауы басталды. Облыс көлемінде 198 ауыл әкімі сайланды. Халық өз таңдауын жасады. Бүгін сіздер қабылдайтын шешім де аса маңызды», – деді Құмар Ақсақалов.
Бұдан соң облыстық мәслихаттың 24 депутаты әкім сайлауын өткізуге лайық пилотты өңірлерді таңдауға салды. Отырыс барысындағы жекелеген ұсыныстар нәтижесінде сегіз өңір, атап айтқанда, алты аудан екі қала іріктелді. Қырмызы Жаңбыршина бастаған арнайы комиссия депутаттардың ортақ дауыс беру қорытындыларын жасады. Көпшілік дауыс үлесімен басым түсіп, әкім сайлауы Алтынсарин, Қарабалық, Федоров, Денисов аудандары мен Рудный қаласында өтетін болды. Саяси науқан 2023 жылдың 5 қарашасына белгіленді.