Денисовте үздік спортшылар мен білікті жаттықтырушыларға құрмет көрсетілді

Денисовте үздік спортшылар мен білікті жаттықтырушыларға құрмет көрсетілді

Дүбірлі додаларда өңірдің намысын қорғап жүрген саңлақтарды аудан әкімі Руслан Қатпаев салтанатты түрде марапаттады.

Денисов ауданында спорттық инфрақұрылым жақсы дамыған. Мұндағы әрбір нысан мүгедектігі бар азаматтарға ыңғайлы етіп бейімделген. Сондықтан ерекше қажеттілігі бар адамдар арасындағы облыстық спартакиада жыл сайын аталған ауданда өтіп жүр. Одан бөлек көкпар, асық ату сияқты ұлттық спорт түрлері де ерекше қарқынмен өркендеп келеді. Денисов ауданының шайбалы хоккей командасы биылғы жылдың басында Қостанай облысының әуесқойлар лигасында ойнап, үшінші орынға ие болды. Арқалық қаласында өткен Қостанай облысының XXXIX жазғы спартакиадасында Ержан Кусаинов еркін күрестен 86 келі салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп алды. Дәл осы спартакиадада тағы бір денисовтық балуан Нұрсұлтан Жакенов 65 келі салмақ дәрежесінде алтыннан алқа тақты. Спартакиада аясында ұйымдастырылған велоспорт жарысында Никита Костюк,  Нұрсұлтан Жакенов, Виолетта Омельчуктан құралған команда 4-орыннан көрінді. Облыс деңгейінде бұл да жақсы нәтиже. Әр жеңістің артында спортшы маңдай тері мен жаттықтырушының еңбегі тұрғанын ұмытпауымыз керек. Спорт саласының өсіп-өркендеуіне жан-жақты қолдау жасап отырған жергілікті әкімдіктің қызметін де ескерген жөн.

«Спорттық инфрақұрылымды дамыту және дарынды жастарды қолдау – біздің жұмысымыздың басым бағыттарының бірі болып қала бермек. Бүгінде Денисов ауданының спортшылары түрлі деңгейдегі жарыстарда өңірдің намысын абыроймен қорғап жүр. Олардың жетістігі – ең алдымен қажырлы еңбек пен табандылықтың, үздіксіз дайындық пен кәсіби шеберліктің айқын жемісі», — деді Денисов ауданының әкімі Руслан Қатпаев құттықтау сөзінде. Одан кейін үздіктерге алғыс хаттар табыстады.

Марапат иелерінің арасынан пара жеңіл атлетикадан ҚР-ның құрама командасының мүшесі, пара жеңіл атлетикадан республика чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы Светлана Иржанова және облыстық чемпионаттар мен жарыстардың жеңімпазы және жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Арианна Кобзарь сияқты мықтылар бар. Арианна осы жылдың 21-қарашасында Бахрейнде өтетін пара паурлифтинг бойынша әлем чемпионатында бақ сынайды. Оның жаттықтырушысы Григорий Зиберовке де сый-сияпат жасалды.

Сондай-ақ Денисов балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің волейбол бөлімінің оқушысы Аяжан Дюсенбаева да үздіктер сапында. Ол биылғы қазан айында Қостанай облысы құрамасында Астанада өткен 2009-2010 жылдары туған қыздар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында чемпион атанды. Аяжан жаттықтырушылар Виктория Петрикова мен Виктория Филатовадан тәлім алып жүр. Жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері – Виктория Шпринг және Ясмин Досова да қырағы баскетболшылар. Олар республикалық чемпионаттарда медальдарды жеңіп алды. Екеуі де тәжірибелі жаттықтырушы Мұрат Мұхтаровтың шәкірттері. Денисов балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің волейбол бөлімінің түлегі Илья Ложкин үшін биылғы жыл табысты болған сыңайлы. Өйткені қазан айында Илья Қостанай облысының құрама командасында 2009-2010 жылдары туған ұлдар арасындағы Қазақстан чемпионатында қола медаль жеңіп алды. Илья жаттықтырушылар Михаил Кищук, Алексей Дворовой және қазіргі жаттықтырушысы Антон Филатовтың тәрбиеленушісі.

Денисов ауданының «Асық ату» командасы да кіл мергендерден құралған. Оразалы Тұрмағанбетов, Есен Қабдиев, Виктор Цыбулько, Мадина Сұлтанбекова және Несвельды Нуркалиева сынды өнерпаздар екінші жыл қатарынан Қостанай облыстық спартакиада ойындарында медаль жеңіп алды. Ал биыл спортшылар Арқалықта күміс медальды иеленді.

Нысана көздеуден 2026 жылы Арқалықта өткен Қостанай облысының XXXIX спартакиадасында Ксения Гофман  қола медальға қол жеткізіп, Денисов ауданының намысын асқақтатты. Оның тәлімгері Александр Купарев ұзақ жылдан бері талантты спортшыларды қанаттандырып келеді. Денисов ауданының волейболдан әйелдер және ерлер командалары да толағай табыстарға қол жеткізіп жүр. Ерлер құрамасының жетістікке жетуіне тәжірибелі жаттықтырушы Александр Кищук ұзақ жылдан бері еңбек сіңіріп келеді.

Мақалада аты аталған спортшылар – Денисов ауданының мақтаныштары. Олардың әр жетістігі аудан спортының дамуына қосылған қазына іспеттес.

Қымбат ДОСЖАНОВА

Суретті жолдаған Арианна Кобзарь