Облыстық мешітте «Ислам және адал қоғам» жылы аясында ақсақалдармен кездесу өтіп, адалдық, әділеттілік, ұлттық тәрбие және тіл мәселелері талқыланды. Жиынға арнайы іссапармен келген ҚМДБ төрағасының орынбасары Кенжетай қажы Байкемелұлы қатысты. Басқосу облыстық мешіттің 10 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс ұйымдастырылды.
Облыстық мешіттің бас имамы Бектұрсын қажы Уәлиевтің айтуынша, ҚМДБ биылғы жылды «Ислам және адал қоғам» деп жариялап, осы бағытта дін қызметкерлері арасында насихат жұмыстарын жүргізіп келеді. Басты мақсат – қоғамда әдептілік пен адалдықты дәріптеп, жастардың үлкенге құрметін арттыру.

Кенжетай қажы Байкемелұлы кездесудің ҚМДБ төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен ұйымдастырылғанын атап өтті. Мемлекет басшысының әділетті қоғам мен адал азамат қалыптастыру жөніндегі ұстанымына тоқталып, адал еңбек, жауапкершілік және аманатқа қиянат жасамау басты құндылықтар болуы керектігін жеткізді.

«Адал қоғам кішкентай кезден қалыптасады. Балаға әдептілікті бір ауыз сөзбен, «ұят болады» деп үйреткен халықпыз. Ислам адамды алла алдында ғана емес қоғам алдында адал болуға тәрбиелейді. Әрбір ісіміз үшін есеп беретінімізге сену адалдықтың ең биік көрінісі. Қазіргі заманда адамзат алдында тұрған өзекті мәселердің бірі әділетсіздікпен күресіп адал қоғам құру. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қасымов киелі Түркістан қаласында өткен ұлттық құрылтайда қоғамда әділеттік орнатудың адал азаматтарды тәрбиелеудің маңызына айрықша тоқталып былай деген еді. «Арлы адам әділетсіздік жасамайды. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Жемқорлыққа жол берілмейді. Ел мүддесіне сай шешім қабылданады. Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады. Әдетінше әділетті Қазақстан және адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс» деген еді. ҚМДБ діни ағартушылық қызметті жүйелеу мақсатында әр жылға мазмұнды атау беріп келеді. Осыған орай ҚМДБ биылғы жылды Ислам және адал қоғам жылы деп жариялады. Бұл бастама қоғам өмірінің барлық саласында адалдық қағидаттарын жүйелі түрде орнықтыруды көздейді. Адал еңбек мәдениетін қалыптастыру әділеттілік пен жауапкершілікті күшейту аманатқа қиянат жасамау қоғамды сенімді нығайту жылдың басты басымдықтары болмақ. Қариялардың бір ауыз сөзі қоғамға ықпал етуі тиіс. Осыны естен шығармай қалыптастырумыз қажет. Біздің салт-дәстүріміз осыған құрылған. Тіліміз бен дінімзге аса мән берілген», – деді мүфти орынбасары.
Кездесуде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының осы тақырыпқа арналған кітабы да талқыланды. Ақсақалдар еңбектің мазмұнына пікір білдіріп, ондағы тағылымды ойларды халық арасында кеңінен насихаттауды ұсынды.

Журналист Бейбіт Нұрмұханов адал қоғам қалыптастыру үшін ең алдымен адалдық ұғымының мәнін түсіну қажеттігін айтты. Оның сөзінше, мұндай кездесулер ұлттық тәрбиені дәріптеп, кейінгі буынға өнеге бермек.

Жиында тәрбие отбасынан басталатыны, ананың сүтімен бойға сіңетін құндылықтарды кейінгі ұрпаққа жеткізу маңызды екені айтылды.

Басқосуда айтылған пікірлердің түйіні – адал қоғам құру отбасы тәрбиесінен басталып, ұрпақ сабақтастығы мен ұлттық құндылықтарды дәріптеу арқылы жалғасуы тиіс.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков
