Арқалықтық жас қаламгер республикалық басылымның жүлдесін иеленді

Арқалықтық жас қаламгер республикалық басылымның жүлдесін иеленді

Б. Майлин атындағы №3 жалпы білім беретін мектептің 9-сынып оқушысы Жансая Мейрамбекқызы республикалық «Балдырған» журналы ұйымдастырған «Біз бақытты баламыз» атты балаларға арналған әдеби шығармалар байқауының жүлдегері атанды.

«Баланың жетістігі ана үшін ең үлкен бақыт. Ал сол бақыт республикалық деңгейде мойындалып, атақты ақын-жазушылар жүлдегер болған байқауда балаң топ жарып келсе, ол қуанышты сөзбен жеткізу мүмкін емес», – дейді қуанышымен бөліскен анасы Мерей Қуанышқызы.

Жансая Мейрамбекқызы талай ақын – жазушылардың кіндік қаны тамған Қайыңды ауылының тумасы. Алғаш мектеп табалдырығын осы жерде аттайды.

Жансаяның қаламгерлік жолға келуі кездейсоқ емес. Кішкентайынан кітапқа жақын, сөзге шешен, қиялы жүйрік болып өсті.

Талғат Абатұлы басшылық жасайтын Қайыңды негізгі орта мектебінде қазақ тілі пәні мұғалімі Баян Алияқашқызы алғаш байқауларға қатыстырып талабын ұштады, Нұрдәулет Ахатұлы басқаратын Б. Майлин атындағы №3 жалпы білім беретін мектепке биыл ғана келсе де Жансаяның зерек екенін байқаған Айсұлу Кәкімбекқызы, Айнұр Хамитқызы, Бақыт Амангелдіқызы сынды ұстаздары байқауларға қатысуын жалғастыра түсті.

«Қазақ әдебиеті» газетінен хабарландыруды көзі шалған анасы жүрегі лүпілдеп «Қызым, бағыңды сынап көрші, сенің қолыңнан келеді» деп сенім білдіреді. Жансая бастапқыда қобалжығанмен анасы жігерлендіре түседі.

Ол күн-түн демей жазды. Ойланды, өшірді, қайта жазды. Кейде түн ортасында оянып, дәптеріне бір жол жазып қоятын.

«Ертегі – жай ғана қиял емес, ол- баланың жанының айнасы. Қазіргі интернет дамыған заманда «Интернетке жоғалған күн» тақырыбында заманауи ертегісін жазып аяқтады», –деп ой түйеді анасы.

Журналдың бас редакторы хабарласып: «Қызыңыз жүлдегер болды, құттықтаймыз!» дегенде көзіне жас келгенін де жасырмайды.

Балалар жазушысы, ақын Қастек Баянбайдың туғанына 90 жыл толуына орай ұйымдастырылған байқауда жүлдегер болу – үлкен мәртебе. Жас талап жерлесіміз «Ертегілер» номинациясы бойынша 3-ші орынды қанжығасына бөктерген.

Жансаяның әкесі де 40 жыл мектепте білім беру ісімен айналысқан ардагер ұстаз.

Марапат иесінен ғасырға жуық тарихы бар республикалық балалар басылымы «Ұлан» газеті де арнайы сұхбат алып үлгірді.

Мұрат Жүнісұлы

                                                                                                       Арқалық қаласы