Бұл жер ауыл шаруашылығы мақсатында берілгенімен, ұзақ уақыт бойы игерілмей жатқан. Қазір 3 мың гектар аумақ мемлекет меншігіне қайтарылып отыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
Аудан прокуратурасы жер заңнамасының сақталуына жүргізген талдау барысында нысаналы мақсатына сай пайдаланылмаған жер учаскелерін анықтаған.
«Анықталған бұзушылықтарға байланысты прокуратура тиісті қадағалау шараларын қабылдады. Оларды қарау нәтижесінде жалпы ауданы 3 мың гектар, кадастрлық құны 68 млн теңгені құрайтын жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды. Мемлекетке қайтарылған жер учаскелері кейіннен адал кәсіпкерлер арасында конкурстық негізде бөлінетін болады. Бұл олардың белгіленген нысаналы мақсатына сәйкес тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – делінген ресми мәлімдемеде.
Прокуратура жер қатынастары саласындағы заңдылықтың сақталуын бақылау жұмыстарын жалғастыруда.
