Ыбырай мұрасы – ұлт руханиятының алтын қазығы

Ыбырай мұрасы – ұлт руханиятының алтын қазығы

Қостанайда ұлы ағартушы, қазақтың тұңғыш педагогтерінің бірі Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Тағылымды іс-шарада ағартушының ұстаздық жолы, әдіскерлік еңбегі, әдеби мұрасы мен халықаралық деңгейде насихатталуы кеңінен талқыланды.

Ыбырай Алтынсарин – қазақ даласында білім шамын жаққан, ұлттың рухани дамуына өлшеусіз үлес қосқан тарихи тұлға. Оның ағартушылық идеялары мен педагогикалық ұстанымдары бүгінгі білім беру саласы үшін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Осы орайда Қостанай педагогикалық колледжінде өткен республикалық конференция ұлы ұстаздың өнегелі өмірі мен бай мұрасын қайта зерделеуге бағытталды. Конференцияға қатысушылар Ыбырай Алтынсариннің тек ұстаз ғана емес, білікті әдіскер, оқулық авторы әрі қазақ қоғамының өркендеуіне жол ашқан ағартушы болғанын ерекше атап өтті.

Зейнеткер педагог Биалаш Сүйінкина Ыбырайдың кәсіби шеберлігі мен педагогикалық еңбегіне тоқталып, бүгінгі ұстаздар оның тәжірибесінен үлгі алуы керектігін жеткізді.

«Сабақ берумен ғана шектелмей, кәсіби жағымызды да дамытуымыз қажет. Ыбырай әдіскерлік жағынан да мықты болған. Оның екі кітабының бірі – «Қазақ хрестоматиясы». Ол кезде қазақ тілінде оқулық болған жоқ. Алғашқы оқулықты дүниеге әкеліп, аудармаларды да енгізді. Біз осындай тұлғамызбен мақтанамыз. Сондықтан Ыбырайдан үлгі алыңыздар», – деді ол.

Ал Ыбырай Алтынсарин мұражайының директоры Марғұлан Оспанов ағартушының тарихи миссиясына тоқталып, оның арманы мен еңбегінің арқасында қазақтың жас зиялылары қалыптасқанын атап өтті.

blank

«Ыбырай туралы әңгіме көп. Ол – қазақтың нар тұлғасы. Арман-тілегінің арқасында қазақтың жас зиялылары қалыптасты. Ыбырайдың музейіне де биыл 35 жыл толып отыр. Мерейтойымыз Тәуелсіздігімізбен тұспа-тұс келіп отыр. Біз ата-бабамыздың ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен осы күнге жеткізгенін жиі айтамыз. Сонымен бірге қаламның ұшымен, ғылымның күшімен атқарылған еңбектерді де естен шығармауымыз керек», – деді музей директоры.

blank blank

Оның айтуынша, жеті жасар Ыбырайды атасы Балғожа би Орынборға оқуға жіберіпті. Ал он тоғыз жасында елге оралған жас ағартушы ұстаздық қызметіне кірісіп, қазақ даласында мектептер ашуға күш салады. Сол мектептерден кейінгі ұлт зиялыларының қалыптасуына негіз болған білімді ұрпақ тәрбиеленді.

Музей директоры Ыбырай мұрасын халықаралық деңгейде таныту жұмыстары да қолға алынғанын айтты. Әсіресе Жапониямен рухани байланыс орнату және Түркиядағы ғылыми конференцияларға қатысу бағытындағы жұмыстар жалғасын таппақ.

«Ыбырай – әлемдік деңгейдегі тұлға. Оның мұрасын кеңінен насихаттауымыз керек. Алаш қайраткерлері өз заманында Жапонияның қысқа мерзім ішінде ұлттық болмысын жоғалтпай, білім беру жүйесін қалыптастырған тәжірибесін үлгі тұтқан. Біз де осы бағытта Ыбырай мұрасын Жапонияда танытуды қолға алып жатырмыз. Жыл соңына дейін екі ел арасында рухани байланыс орнатуды жоспарлап отырмыз. Түркиядағы әріптестермен де байланысымыз бар. Бұған дейін конференцияларға онлайн қатыссақ, енді арнайы шақырту алып отырмыз», – деді Марғұлан Оспанов.

Ол Ыбырай Алтынсариннің «Мұсылманшылық тұтқасы» атты екінші еңбегінің тарихына тоқталды. Қазан баспасынан екі мың данамен жарық көрген бұл кітаптың түпнұсқалары бүгінде бірнеше музей қорында сақтаулы. Соның бірі – Ыбырай музейінің алтын қазынасына айналған құнды жәдігер. Музей қызметкерлері кітаптың әр жерде сақталған нұсқаларын зерттеп, Ресейдегі қорлардан жоғалған беттерінің көшірмелерін де тапқан. Соның нәтижесінде еңбек қайта басылып шыққан. Бұл жұмысқа Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қолдау көрсеткен.

blank

Конференцияның Қостанай педагогикалық колледжінде өтуінің де өзіндік мәні бар. Колледж директоры Жомарт Құсайын білім ордасының Ыбырай мұрасымен тарихи сабақтастығына тоқталды.

«Бұл іс-шараның дәл осы оқу орнында ұйымдастырылуы өте маңызды. Ыбырайдың қолтаңбасымен 1925 жылдан бастап алғашқы мектептердің бірі осында ашылған. Колледж болғанымызға да биыл 65 жыл толып отыр. Осы мерейлі кезеңде мазмұнды іс-шараның өтуі біз үшін үлкен мәртебе», – деді ол.

Сондай-ақ колледж басшысы биыл оқу орнында Ыбырай Алтынсаринге арналған арнайы кабинет ашылғанын және алғашқы қазақ филологиясы мамандығы қолға алынғанын атап өтті. Білім ордасының басты мақсаты – ағартушы мұрасын жас ұрпаққа танытып қана қоймай, оның идеяларына сүйене отырып, сапалы білімді мамандар даярлау.

blank Республикалық конференция аясында бес секция жұмыс істеп, қатысушылар Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық мұрасы, ағартушылық қызметі, ұлттық білім беру жүйесінің қалыптасуына қосқан үлесі мен бүгінгі қоғамдағы маңызын талқылады.

blank blank Ұлы ұстаздың 185 жылдығына арналған басқосу – өткенді ұлықтау ғана емес, оның өнегесін бүгінгі білім беру жүйесімен сабақтастыруға бағытталған маңызды қадам. Ыбырай жаққан білім шырағы арада ғасырдан астам уақыт өтсе де сөнген жоқ. Оның мұрасы – ұрпақ тәрбиесіне бағдар, ұстаздар қауымына үлгі, ұлт руханиятына мәңгілік мұра.

blank blank

 

Айбек ЖҮЗБАЙ

Суреттерді түсірген Василий Васильев