Алқабилердің қатысуымен өткен сотта 18 жастағы Мирас Ақылбекке тоғыз жыл, ал кәмелетке толмаған Б-ға 2 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. (Кәмелетке толмаған сотталушының аты-жөні заң талаптарына сәйкес жарияланбайды.) Сонымен қатар сотталушы Ақылбек марқұмның әкесі мен ағасына 20 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді.
Үкім 19 жастағы Рамазан Үсентаевтың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша жарияланды. Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты алқабилердің қатысуымен істі қарап, екі сотталушыға қатысты шешім шығарды.
Сотталушылардың бірі – 2008 жылы туған Мирас Ақылбек. Ол Рудный қаласының тұрғыны, А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің бірінші курс студенті. Екінші сотталушы – 2009 жылы туған Б. Ол Қостанай қаласындағы колледждердің бірінде білім алған. Екеуі де бұған дейін сотталмаған.
Еске салайық, қайғылы оқиға 2026 жылдың 23 қаңтарында Рудный қаласындағы Павел Корчагин көшесінде орналасқан көп қабатты тұрғын үйдің кіреберісінде болған. Сол түні 19 жастағы Рамазан Үсентаев пышақ жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Сотта анықталғандай, марқұм мен Мирас Ақылбектің арасында 200 мың теңгеге қатысты жанжал туындаған. Жәбірленуші сотталушыдан осы соманы талап еткен. Арадағы сөзге келіспеушілік соңы қайғылы жағдайға ұласқан.
Ақылбек қасақана өлтіру мақсатында ас үй пышағын Рамазан Усентаевтың денесіне бірнеше рет шаншыған және кесілген жарақат салған. Алған жарақаттарынан жас жігіт оқиға орнында қайтыс болған. Оқиға кезінде екінші сотталушы Б. төменгі қабатта болған. Ол Ақылбектің адам өлтіргенін біле тұра, бұл туралы құқық қорғау органдарына хабарламаған. Жасаған қылмыстарынан кейін екі жігіт оқиға орнынан қашып, Көкшетау қаласында жасырынған. Кейін олар сол қалада ұсталды. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, марқұм мен күдіктілер бір-бірін бұрыннан таныған.
Бастапқыда Мирас Ақылбекке адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы жасалған қасақана кісі өлтіру, ал Б-ға осы қылмысқа көмектесу бойынша айып тағылған болатын. Алайда алқабилердің шешімімен Ақылбек ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі бойынша қасақана кісі өлтіргені үшін кінәлі деп танылды. Ал Б ҚР Қылмыстық кодексінің 434-бабы бойынша аса ауыр қылмыс туралы хабарламағаны үшін айып тағылды.
«Сотталушылардың кінәсі олардың айғақтарымен, куәлардың жауаптарымен, сарапшылардың қорытындыларымен, сот сараптамаларының нәтижелерімен, бейнематериалдармен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді. Сотталушы Ақылбекке жаза тағайындау кезінде сот қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде оның кінәсін мойындауын, сондай-ақ жәбірленушінің қылмыстық құқық бұзушылыққа себеп болған құқыққа қайшы мінез-құлқын ескерді. Кәмелетке толмаған сотталушы Б.-ға қатысты сот оның кәмелетке толмаған жасын және қылмыстық құқық бұзушылықты алғаш рет жасағанын жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп таныды. Сотталушылардың қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ», – деді сот Жанар Тлеубаева.
Сот үкімімен Мирас Ақылбек тоғыз жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді. Ал Б. бастапқыда төрт жылға сотталған. Алайда рақымшылық жасау туралы заң негізінде оның жазасы үштен бір бөлікке қысқартылып, түпкілікті мерзімі 2 жыл 8 ай болып белгіленді. Ол кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтейді.
Сот марқұмның туыстарының азаматтық талаптарын ішінара қанағаттандырды. Мирас Ақылбектен Рамазан Үсентаевтың әкесі мен ағасының пайдасына әрқайсысына 10 миллион теңгеден, жалпы 20 миллион теңге моральдық зиян өтемақысы өндірілетінін жеткізді. Ал жәбірленушілердің кәмелетке толмаған екінші сотталушының заңды өкіліне қойған азаматтық талаптарын қанағаттандырудан бас тартылды.
(Марқұм Рамазан Үсентаев)
Айта кетейік, сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ. Оған үкім жарияланған күннен бастап 15 тәулік ішінде шағым беруге болады. Ал сотталушылар үшін бұл мерзім үкім көшірмесі табысталған күннен бастап есептеледі.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ
