Жангелдин ауданындағы кәсіпкерлік бастамалардың қатарын Тәуіш ауылында жүзеге асып жатқан «Жол бойындағы кафе» жобасы да толықтырмақ. Құны 70 миллион теңгені құрайтын нысанның құрылысы аяқталуға жақын.
Жеке кәсіпкер Алуа Шармұхамбетова дәмхананы қараша айында пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 90 пайызы орындалған.
Кәсіпкердің айтуынша, жол бойындағы дәмхана ашу идеясы кездейсоқ туындамаған. Болашақта осы аумақтан магистральдық жол өтетіні ескеріліп, жоба соған сәйкес жоспарланған. Тиісті жер телімін конкурс арқылы алған кәсіпкер құрылысқа өз қаражатын салып, жұмысты кезең-кезеңімен жүргізіп келеді.
– Бұл жерден магистральдық жол өтеді деген жоспар болды. Біз де жобамызды соған сәйкестендіріп, жол бойынан нысан салуға кірістік. Тәуіш ауылы аудан орталығынан 56 шақырым жерде орналасқан. Құрылыс материалдарын Қостанай мен Астана қалаларынан тасымалдадық. Қазір жұмыстың басым бөлігі аяқталды. Құрылысқа өзімнің қаражатымды салып отырмын, ал қолғабыс етіп жүргендер – өзімнің ағайын-туыстарым. Аспазды да ауыл тұрғындарының арасынан алуды жоспарлап отырмын, – дейді кәсіпкер Алуа Шармұхамбетова.
Жобаны жүзеге асыру барысында мемлекеттік қолдаудың да көмегі тиген. Кәсіпкердің сөзінше, су тасқыны кезінде мемлекет тарапынан берілген 23 миллион теңге көмек құрылыс шығындарының бір бөлігін өтеуге мүмкіндік берген. Ал қалған қаражатты өз есебінен жұмсап отыр.
– Бастапқыда шағын дәмхана ашуды ойлаған едік. Су тасқыны кезінде мемлекеттен 23 миллион теңге көмек берілді. Өзім де шамамен 50 миллион теңге қаражат салдым. Құрылысқа қатысты әзірге айтарлықтай қиындық жоқ. Алғашқы кезеңде келушілерге тәулік бойы ыстық тамақ ұсынуды жоспарлап отырмыз. Егер жұмысымыз алға басып, сұраныс артса, алдағы уақытта қызмет түрлерін де кеңейткіміз келеді, – дейді ол.
Жол бойындағы қызмет көрсету нысандары жолаушыларға қолайлы жағдай жасап қана қоймай, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға да мүмкіндік береді. Жаңа дәмхана іске қосылған соң жергілікті тұрғындарға жұмыс ұсынылып, елді мекеннің экономикалық белсенділігін арттыруға үлес қосады. Сонымен қатар магистральдық жол бойындағы жолаушыларға сапалы қызмет көрсетуге жол ашылады.
Жалпы, кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар мен азаматтардың іскерлік бастамалары ауыл экономикасының әлеуетін арттыруда маңызды рөл атқарады. Бірі мемлекеттік грант арқылы өз кәсібін бастауға мүмкіндік алса, енді бірі жеке қаражаты мен еңбегін жұмсап, жаңа нысан тұрғызуда. Тәуіш ауылындағы 70 миллион теңгелік дәмхана – осындай бастамалардың нақты көрінісі. Ең бастысы, жаңа кәсіптің ашылуы ауыл тұрғындары үшін жұмыс орнына, ал жолаушылар үшін қолайлы қызмет көрсету орнына айналмақ.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Жангелдин ауданы
