Жергілікті «Рапуль Қазақстан» ЖШС миллиондаған шығынға ұшырады. Германиялық компанияның еншілес кәсіпорны мемлекеттік инспектордың қателігінен зардап шегіп отыр. Енді серіктестік бюджетке төлеген кедендік баж бен қосылған құн салығы түріндегі 24 млн теңгесін және басқа да шығындарын қайтара ала ма? Мәселе Кәсіпкерлер палатасындағы жиында қаралды.
«Рапуль Қазақстан» ЖШС отандық нарықта 15 жылдан бері жұмыс істейді. Алайда биылғы наурызда Венгриядан күнбағыс тұқымын импорттаған компания күтпеген жағдайға тап болды. Астанада жүргізілген зертханалық ПТР-талдау өнімнің карантиндік объектілермен залалданғанын анықтаған. Соған қарамастан, Ақмола облыстық аумақтық инспекциясы жүкте карантиндік организимдер мүлде жоқ деген акт берген.
Мемлекеттік органның ресми құжатына сенген кәсіпорын тауарды Көкшетау қаласында кедендік рәсімдеуден өткізіп, бюджетке кедендік баж бен қосылған құн салығы түрінде 23,8 миллион теңгеден астам қаражат төлеген. Осыдан кейін тұқымдарды ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге сата бастапты. Алайда арада екі ай өткенде сол инспекциядан өнімді кері қайтарып, жою туралы нұсқама келген. Сөйтіп, кәсіпорын фермерлерге сатылған тұқымдарды өз қаражатына жинап, тасымалдау мен кәдеге жарату шығындарын да өзі көтеруге мәжбүр болған.
Залалданған өнімді Еуропалық одақ аумағындағы жеткізушіге қайтару да мүмкін болмады. Өйткені Еуропалық одақ фитосанитариялық сертификат талап еткен. Ал өнімнің залалданғаны расталғаннан кейін Қазақстан тарапы мұндай құжатты бере алмайтын болыпты.
Құжаттарды рәсімдеу кезінде өрескел қателікке жол берген лауазымды тұлға жұмыстан босатылып, мемлекеттік орган заңбұзушылық фактісін мойындаған. Бірақ кәсіпорын төлеген миллиондаған теңге бюджетте қалды. Мемлекеттік кірістер комитеті қаражатты қайтарудан бас тартып, мәселені сот арқылы шешуді ұсынған.
«Кәсіпкердің адалдығына деген сенімге нұқсан келді»
Қостанай облысының Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңесінің төрағасы Арман Шәменов бұл жағдай мемлекет пен бизнес арасындағы қарым-қатынастың негізгі қағидаттарына қайшы келетінін атап өтті.
«Бұл — мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылының негізгі қағидаттарына нұқсан келтіретін жүйелі сипаттағы прецедент. Кәсіпкердің адалдығы презумпциясы қағидаты бұзылды», — деді ол.
«Рапуль Қазақстан» ЖШС бас директоры Ардақ Сыпырықовтың айтуынша, компанияның басты мақсаты — бюджетке төленген кедендік баж бен қосылған құн салығын қайтару. Себебі тауар түпкілікті сатылымда қалмай, кері жиналып, жойылған.
«Жоғалтқан пайдамызды есептеп те отырған жоқпыз. Тауар жойылды, бірақ оған салынатын салықтарды толық көлемде төледік», — деді кәсіпорын басшысы.
Компанияның адвокаты Манат Тоқтауловтың түсіндіруінше, фискалдық органдар Салық кодексінде артық төленген сомаларды қайтарудан басқа, мұндай жағдайларға арналған арнайы тетік қарастырылмағанын алға тартқан. Осыған байланысты кәсіпкердің алдында мемлекеттік органның әрекетінен келтірілген залалды сот арқылы өндіріп алу жолы ғана қалған.
Мемлекеттік органдар не дейді?
Жағдайға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті Қостанай облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Нұрқуат Біртазин де түсініктеме берді. Ол мұндай жағдайдың өз тәжірибелерінде бұрын болмағанын айтты.
«Біз әрдайым зертханалық зерттеудің нәтижесін күтеміз. Бәлкім, инспектор оны күтпеген шығар. Олардың да мемлекеттік қызмет көрсетуге қатысты регламенттелген мерзімдері бар», — деді ол.
Ал Қостанай облысы Мемлекеттік кірістер департаментінің кедендік әкімшілендіру бөлімінің басшысы Нұрлан Мұсафировтың айтуынша, формалды түрде төлемдерді реэкспорт рәсімі мен декларацияға түзету енгізу арқылы қайтаруға болар еді. Алайда тауарды Еуропалық одаққа кері жөнелту үшін де фитосанитариялық сертификат қажет болған. Өнімнің залалданғаны расталғандықтан, Қазақстан тарапы бұл құжатты беруге құқылы болмаған.
Осылайша, мемлекеттік органның бастапқы құжаттағы қатесі кәсіпкерді бір мезетте әрі тауарынан, әрі оны кері қайтаруға жұмсалған қаражатынан айырған. Ал бюджетке төленген міндетті төлемдерді қайтару мәселесі әзірге шешімін таппай отыр.
Қостанай облысының Кәсіпкерлер палатасы сарапшылары бұл істі толық құқықтық бақылауға алып, бизнестің заңды мүдделерін қорғау бағытында жұмыс жүргізетінін мәлімдеді. Ендігі мәселе — кәсіпкердің төлеген қаражатын қайтару және мемлекеттік органдардың әрекетінен келтірілген залал үшін жауапкершілік мәселесіне құқықтық баға беру.
Ж.Жүсіпбек
Суреттер облыстық Кәсіпкерлер палатасынан
