Бала денсаулығы – ел болашағының кепілі: Қазақстанда балаларға қандай медициналық көмек көрсетіледі?

Бала денсаулығы – ел болашағының кепілі: Қазақстанда балаларға қандай медициналық көмек көрсетіледі?

Қазақстанда шамамен 7 миллион бала өсіп келеді. Әрбір баланың дені сау болып, сапалы білім алып, өз қабілетін дамытуы – ел болашағының негізі. Сондықтан балалардың денсаулығын қорғау, аурулардың алдын алу және сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету – маңызды міндеттердің бірі.

Мемлекет балаларға медициналық көмектің кең ауқымын алуға кепілдік береді.

Балаларға медициналық көмек ана құрсағындағы кезеңнен басталып, өмір бойы денсаулығын бақылау, аурулардың алдын алу, диагностика, емдеу және оңалту шараларын қамтиды. Бұл бағытта емханалар, перинаталдық орталықтар, балалар ауруханалары мен мамандандырылған клиникалардың дәрігерлері және мейіргерлері жұмыс істейді. Олардың басты мақсаты – баланың денсаулығын сақтау, ауруларды дер кезінде анықтау және қажетті емді уақытылы көрсету.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мәліметіне сәйкес, балаларға ең жиі көрсетілетін мамандандырылған медициналық көмектің алғашқы үштігіне аппендэктомия, жарақат кезіндегі хирургиялық көмек және оториноларингологиялық, яғни ЛОР қызметтері кіреді. Атап айтқанда, аппендицитке байланысты 11,6 мың ота жасалған. Жарақат алған балаларға жаралар мен күйіктерді хирургиялық өңдеу, әртүрлі сынықтарды бекіту сияқты 11 мың медициналық көмек көрсетілген. Ал ЛОР бағыты бойынша 4,2 мың ота орындалған. Бұл көрсеткіштер балалар арасында шұғыл және мамандандырылған медициналық көмектің маңыздылығын аңғартады.

Сонымен қатар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы балаларға күрделі әрі жоғары технологиялық медициналық қызметтер де көрсетіледі. Олардың қатарында жүрек пен бауыр трансплантациясы, дің жасушаларын трансплантациялау, дәрі-дәрмекпен емдеуге көнбейтін эпилепсия кезінде кезбе жүйкені ынталандыру, кохлеарлық имплантация және жүрек пен жүрек қабына қатысты диагностикалық процедуралар бар. Мұндай емдеу әдістері күрделі дертке шалдыққан балалардың денсаулығын жақсартуға және өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

2026 жылдың тоғыз айында осы бағыттағы медициналық көмекке қазақстандықтардың жарналары есебінен 3,3 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Осы кезеңде бір жүрек трансплантациясы, үш бауыр трансплантациясы және 36 дің жасушасын трансплантациялау рәсімі жүргізілген. Бұдан бөлек, кезбе жүйкені ынталандыру бойынша 52 араласу жасалып, есту қабілетін қалпына келтіруге бағытталған имплантацияның 254 жағдайы жүзеге асырылған. Осындай жоғары технологиялық медициналық көмектің орташа құны 8 миллионнан 31 миллион теңгеге дейін жетеді. Бұл сақтандыру жүйесінің балаларға қымбат емдеу әдістерін қолжетімді етуге мүмкіндік беретінін көрсетеді.

Балалардың денсаулығын қорғауда стоматологиялық көмектің де орны ерекше. Сақтандыру пакеті аясында оларға жоспарлы және шұғыл стоматологиялық қызметтер көрсетіледі. Сондай-ақ жақ-бет аймағында туа біткен патологиялары бар балаларға, сондай-ақ тіс-жақ аномалиялары анықталған 6 мен 12 жас аралығындағы аз қамтылған отбасылардың балаларына ортодонтиялық көмек беріледі. Оның ішінде тіс-жақ бұзылыстарын түзетуге арналған алмалы-салмалы ортодонтиялық пластинкаларды қолдану қарастырылған. Мұндай көмектің уақытылы көрсетілуі баланың тістері мен жақ сүйектерінің дұрыс қалыптасуына ықпал етеді.

Баланың денсаулығына жасалған қамқорлық – оның жарқын болашағына салынған инвестиция. Сапалы медициналық көмектің уақытылы көрсетілуі балалардың дені сау болып өсуіне, білім алуына, қабілеттерін дамытуына және армандарына жетуіне жол ашады. Сондықтан өскелең ұрпақтың денсаулығын қорғау тек медицина саласының ғана емес, әрбір отбасы мен тұтас қоғамның ортақ міндеті болып қала береді. Өйткені дені сау бала – дені сау ұлттың, ал дені сау ұлт – қуатты Қазақстанның негізі.