Облыс басшысының қатысуымен өткен кезекті жиында жол бойындағы сервисті дамыту мәселесі талқыланды. Кеңесте сөз алған облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Олжас Нұрғалиев өңірдегі ахуал туралы кеңінен баяндап берді.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, тек тоғыз айдың ішінде АПП арқылы облыс шекарасынан 292 мың жүк көлігі өткен. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім-22%. Биылғы жылдың 11 айында халықаралық тасымалдарға 3 814 рұқсат карточкасы берілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 30% – ке артық. Болашақта автомобиль жүк айналымы арта түсуі ықтимал.
Қазір облыста “Кондыбай”, “Желқуар”, “Аят”, “Обаған”, “Қайрақ”, “Ақбалшық” тәрізді алты автомобиль өткізу пункті бар. Алайда, олардың жүктемесі біркелкі емес. Тек, “Қайрақ” бекетіне ғана салмақ түсіп тұр.
– Биыл Қазақстан-Ресей шекарасындағы “Қайрақ” автомобиль өткізу пунктін қайта жаңарту мен жаңғыртуға жобалық-құндық құжаттаманы әзірлеу басталды, – деді кеңесте жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Олжас Нұрғалиев. – Құрылыс-монтаж жұмыстарын 2025 жылы бастау жоспарланған. Қайта құру шеңберінде өткізу пунктіне кіреберістерде жүру бөлігін жалпы ұзындығы 1,6 шақырымдық 8 жолаққа дейін кеңейту көзделген. Сонымен қатар, әкімшілік ғимараттың ауданын ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл шаралар ПП өткізу қабілетін арттыруға, сондай-ақ кедендік бақылаудан өту уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.
Кеңесте басқарма басшысы жол бойындағы сервистік қызмет көрсету мәселесіне де егжей-тегжейлі тоқталды.
– Бүгінгі таңда облыстағы жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бойында 134 объекті – ЖМҚС, сауда және тамақтану пункттері, қонақ үйлер мен кемпингтер жұмыс істейді. Олардың 110 объектісі немесе 82% – і ұлттық стандартқа сәйкес келеді. Керісінше, 24 нысан санитарлық-гигиеналық тораптардың болмауы немесе сәйкес келмеуі себебінен ұлттық стандартқа сәйкес келмейді, – деді Олжас Нұрғалиев.
Бірақ, жағдай бірте – бірте оңалып келеді. Соңғы кезде жол бойындағы қызмет көрсететін бес сервисте абаттандырылған жылы дәретханалар мен минимаркеттер орнатылған. Олар Озерное, Сарыкөл, Әулиекөл, Тобыл ауылдарының маңында орналасқан. 2023 жылдың бірінші тоқсанында “Қарабұтақ-Қостанай” автожолының 401 шақырымында “QAZAQ OIL” автожанармай құю станциясы салынды. Оның ішінде намазхана, минимаркет және абаттандырылған дәретхана қарастырылған.
Басқарма басшысы жол бойындағы сервисті дамыту аясында “Қарабұтақ-Қостанай” автожолындағы Тобыл кентінің маңында кемпингтің, сондай-ақ, “Қостанай-Әулиекөл-Сурған” автожолының бойында орналасқан Новожнежин ауылындағы кафенің құрылысы аяқталатынын айтты.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ