Жуырда «Міржақып» қойылымы көрермендерге жол тартады

Жуырда «Міржақып» қойылымы көрермендерге жол тартады

Соңғы жылдары өзіндік қолтаңбасымен, батыл тақырып таңдауымен ерекшеленіп жүрген режиссер Гаухар Адай мен суретші Гүлдана Алина Қостанай сахнасында «Міржақып» қойылымын әзірлеуде. Қойылымның режиссері – Гаухар Адай болса, қоюшы әрі киім суретшісі – Гүлдана Алина.

Екі шығармашыл тұлғаның ортақ еңбегі қазақ театр кеңістігінде жаңашыл қадам болып қана қоймай, қоғамды оятуға бағытталған көркем әрі батыл әрекеттерімен танылып жүр. Режиссер мен суретшінің өзара тандемі, қойылымға жасаған интерпретациясы ұлттық өнердің жаңа қырларын ашып, бүгінгі күннің өзекті мәселелерін сахна арқылы жеткізуі өзгеше. Осы орайда біз қойылым авторларының бірі режиссер Гаухар Адаймен сұхбаттасып, оның көзқарасын, қойылымнан күткен нәтижесін және өнердегі ізденістерін білген едік.

– Бұл салада 2018 жылдан бері еңбек етіп келемін. Сол жылы режиссура мамандығын тәмамдап, Гүлданамен бірге Семейде жұмыс жолымызды бастадық. Келер жылдан бастап сахналық қойылымдарға кірістік. Содан бері жиырмадан астам спектакльді сахналаппыз. Оның басым бөлігін өзім жазып, режиссерлік тұрғыда жүзеге асырамын. Біразын атап кетер болсам, 2023 жылы Литвада өткен моноспектакльдер фестивалінде Дэниел Киздің шығармасы негізінде қойылған «Я» атты туындымен алғаш рет Қазақстан атынан қатысып, жүлделі оралдық. Бұл біз үшін үлкен тәжірибе болды. Гүлданамен әрдайым бір-бірімізді толықтырып, шығармашылықта үндестік табамыз. Сонымен қатар жұқпалы ауру тақырыбын арқау еткен, соғыс дәрігерінің өмірін бейнелейтін қойылымымыз Орта Азия фестивалінде үздік атанды. Араға бір жыл салып, Грузияда өткен халықаралық фестивальге қатысып, 26 театр мен 26 режиссер арасынан «Үздік режиссер» және «Үздік интерпретация» жүлделерін иелендік, – дейді Гаухар Адай.

Режиссер Міржақыпты тек «Оян, қазақ!» ұранымен шектеп қоюға болмайды деп ойлайды. Өйткені ол ақын, қоғам қайраткері ғана емес, алаш қозғалысының белді тұлғаларының бірі. Соның ішінде оның математикаға ерекше көңіл бөлуі қатты ойландырыпты. Себебі математика – мүлде бөлек ғылым, басқа әлем. Демек, Міржақыптың болмысы да ерекше болғаны ғой деп, зерттеуге еркін бой ұрды. Зерттеу барысында қандай  қызық бір дерекке тап болды? Толық сұқбатты  газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Суретке түсірген Айдана Марат