Полицейлер бір отбасыны қайта қауыштырды

Полицейлер бір отбасыны қайта қауыштырды

«Учаске» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында Маршановка ауылында полицейлер 41 жастағы ер адамға назар аударды. Оның жүзі таныс көрінген. Себебі ол Солтүстік Қазақстан облысы полициясының іздеуінде жүрген азамат болып шықты.

Ол сәуір айында Астанаға жұмыс іздеп кеткен, кейін байланысы нашар ауылға қоныстанған. Сондықтан іздестіріліп жатқанынан бейхабар болған. Ал ол кезде туыстары алаңдап, полицияға хабарласқан және тіпті Instagram әлеуметтік желісінде де іздеу жариялаған. Анасы мен қарындасы үмітін үзбей, нәтижесінде, кездесетін күнге де жетті.

Полицейлер ер адамның қайда екенін анықтап қана қоймай, туыстарымен бейнеқоңырау арқылы қауыштырды.

Ол туыстарына жақын арада баратынын, енді жоғалып кетпейтінін айтты.
Ал анасы үшін ең үлкен сый — ұлының даусын естіп, тірі, аман-есен екенін көріп, көп ұзамай үйге оралатынына көз жеткізу болды.

Кейде отбасын қайта қауыштыру үшін — бір қоңырау мен бейжай қарамайтын полицейлердің көмегі жеткілікті.