Қостанайда қазақтілді журналистерге арналған тренинг аясында медиа саласының жас мамандары Ерсұлтан Хожалепес пен Бауыржан Гаппаров жасанды интеллекттің медиадағы ықпалы мен оны тиімді қолдану жолдарын көрсетті.
– Қазір deepfake видеолар мен жасанды аудио арқылы ақпаратты бұрмалау жиі кездеседі. Журналист ол материалдың шынайы не жалған екенін ажырата алуы керек. Осы бағытта арнайы бағдарламалар бар, – дейді Ерсұлтан Хожалепес.
Ол 2017 жылдан бері өзінің YouTube платформасымен жұмыс істейді. Қазір оның үш белсенді арнасы бар. Сонымен қатар бұған дейін 15-тен астам арна жүргізген.
– Жасанды интеллект көмегімен видео дайындаймыз, мәтінді де AI өңдейді. Содан кейін YouTube арнасы оны автоматты түрде шығарып отырады. Бұл медиа нарықтағы заманауи тәсіл, – деді Ерсұлтан.
Бауыржан Гаппаров deepfake технологиясының артықшылығы мен қауіп-қатерін түсіндіріп, медиада оны қолдану мен одан сақтанудың тәсілдерін көрсетті.
Тренингке қатысушылар жаңа технологиялармен танысып, фейк ақпаратпен күресу жолдарын үйренді. Шараны ұйымдастырушы тарап мұндай тәжірибелік семинарлардың қазақ журналистикасы үшін өте өзекті екенін айтты.
Қымбат Досжанова
Суретке түсірген Жанел Құттыбай