3,3 млн адам МӘМС жүйесінен тыс болып отыр – Олжас Бектенов

3,3 млн адам МӘМС жүйесінен тыс болып отыр – Олжас Бектенов

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихаты барысында Премьер-министр Олжас Бектенов журналистердің денсаулық сақтау саласындағы мәселелерге қатысты сұрағына жауап берді.
Үкімет басшысы Денсаулық сақтау саласында қордаланған мәселелер бар екенін, оны бір күнде шешу мүмкін емесін ашық айтты. Дегенмен кешенді жоспарлар аясында нақты шаралар қабылданып жатқанын сөз етті.

«Қазіргі уақытта 3,3 млн адам Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен тыс болып отыр. Біз келесі жылдан бастап жергілікті бюджеттердің есебінен 3,3 млн адамның 1 млн-ын осы жүйеге енгіземіз. Жыл сайын көрсеткішті азайтамыз. Бұл – үлкен шығындарды талап ететін шаруа. Бүгінгі таңда Президенттің тапсырмасы бойынша «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жалпы, 600-ден астам шалғай елді мекенде медициналық нысандар салынып жатыр. Біз аталған бағытқа республикалық бюджеттен де, қайтарылған активтер қаражаты есебінен де қаржы бөлеміз. Әрине, мәселе онымен толық шешілмейді. Бірақ кезең-кезеңімен іске асырылады», — деді Олжас Бектенов.