Жуырда Қостанайдың іргесіндегі Қонай елді мекенінен кезекте тұрғандарға жер беріле бастайды. Осы жайлы естіген қала тұрғыны Әйгерім Қаппасқызы да ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің бастамасымен ұйымдастырылған жәрмеңкеге келіп, жер алу мәселесі бойынша кеңес алды.

– Жаңалықтардан естідім, кезекте тұрған азаматтарға жер берілгелі жатыр екен. Біз жиырма жылдан бері жер кезегінде тұрмыз. Қазір ескі үй сносқа кетейін деп тұр. Соған байланысты кеңес алуға келдік. Мамандар актуализация жүріп жатқанын айтты. Осы мәселені қалалық сәулет және құрылыс бөліміне барып, нақтылап білмекпіз. Егер жер беретін болса, кезекпен аламыз. Ағамның ескі үйі бар еді, соның орнына жаңа жер алсақ дейміз, – деді Әйгерім Қаппасқызы.
Мемлекеттік қызметтер жәрмеңкесі барысында қала тұрғындары инфрақұрылымға байланысты мәселелерін де көтерді. Майлин көшесіндегі №10 және №12 үйлердің тұрғындары аула тазалығы мен жай-күйіне қатысты шағымдарын айтты. Солардың бірі – Марина Химичук.

– Ауламыз балшық, қыста тайғақ. Төсемтас төселмеген. Қоқыс шашылып жатады. Тұрғындар ПИК-ке ақша төлемейді, сенбілік те ұйымдастырылмайды. Балалар бәрін тастап кетеді. Енді осы мәселе бойынша арыз жазып, осы үйдің байырғы тұрғындарының атынан көмек сұрауға келдік, – дейді тұрғын.
Марина Химичукке тұрғын үй шаруашылығы бөліміне жазбаша түрде арыз беру керектігі түсіндірілді. Бұл туралы кеңесті статистика бөлімінің маманы Аида Рамазанова берді.
– Қала тұрғындарының жиі қоятын сұрақтарының бірі – жер телімі, тұрғын үй, инфрақұрылым және әлеуметтік жеңілдік мәселесі. Біз азаматтарға толық әрі түсінікті ақпарат беруге тырысамыз. Мұндай жәрмеңкелер адамдарға өз мәселесін дұрыс арнаға бағыттауға көмектеседі, – дейді ол.
Мемлекеттік қызметтер басқармасының бас маманы Темірлан Досжановтың айтуынша, мұндай жәрмеңкелер халықпен байланыс орнатуға және олардың сұраныстарын жедел қанағаттандыруға бағытталған:
– Бұл жәрмеңке азаматтар мен кәсіпкерлерге бір жерде бірнеше ведомство өкілінен нақты кеңес алуға мүмкіндік береді. Қажет болған жағдайда, өтініштер осы жерде қабылданады. Сондай-ақ біз көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту мақсатында тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін жинап жатырмыз, – деді ол.
Мемлекеттік қызметтер жәрмеңкесінің басты мақсаты да азаматтар мен мемлекеттік органдар арасында ашық әрі тиімді диалог орнату, халыққа қажетті мемлекеттік қызметтерді қолжетімді және ашық ету екеін шүбәсіз. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Іс-шараға республикалық және жергілікті деңгейдегі 10-нан астам ұйым қатысты. Жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік қорғау салалары бойынша негізгі қызметтер бір алаңда көрсетілді. Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары да жәрмеңке аясында кеңес берді.
Жәрмеңке барысында көптеген тұрғындар қажетті кеңестерін алып, өзекті мәселелерін шешуге алғашқы қадамдарын жасады. Ұйымдастырушыларға алғысын айтып, мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасатынын біліп қуанды.
«Осындай іс-шаралар жиі болып тұрса екен. Бұрын бір анықтама үшін бірнеше жерге бару керек болатын. Қазір бір жерден барлық сұраққа жауап алдық. Бұл – халыққа қолайлы», – десті қала тұрғындары.
Айбек ЖҮЗБАЙ
