Жұмысына адал, жақынына қамқор

Жұмысына адал, жақынына қамқор

Әкеден он үш жасында айырылған Бақытбек Урмакаев еңбекке ерте араласып, ауылдың бар шаруасына бір кісідей атсалысты. Жігіт шағында ауыр техниканы бағындырып, өз ісінің шеберіне айналды. Жұмыстан бел жазбай, техника үстінде жүргеніне де ширек ғасырға жуықтаған. 

Кейіпкеріміздің “Қостанай-су” кәсіпорнына жұмысқа орналасқанына 20 жыл болды. Оған дейін ауылда жүргенде әртүрлі техниканың тізгінін ұстап, қажырлы еңбек етті. Меңдіқаралық азамат көктемде егін себуге атсалысса, күзде оны оруға асықты. Әскери борышын өткеп келген соң, отбасын құрып сәби сүйді. Ауылдағы жұмыстың қиысыны қашып, қысқа жіп күрмеуге келмейтін болғандықтан қалаға қоныс аударуға мәжбүр болды. Ер жеткен балаларды оқытып, жағдайын жасау әкелік парызы еді.

“Елде ауылдың барлық шаруасына араластық. Кейін келе күнкөріс қиындай бастады, сол себепті қалаға қоныс аударуға тура келді. Қостанайға 2005 жылы көшіп келіп, осы кәсіпорынға жұмысқа тұрдым. Жұмыс жеңіл деп айта алмаймын. Қай жұмыс та оңай емесқой негізі. Алғашында жеңіл экскаватар жүргіздім. Қазіргі күні 15 тонналығында жүрмін. Үлкен, екінші жағынан жаңа түрі. Тетіктер арқылы басқарамын. Бұдан да жаңа түрі келіп жатыр. Оларда басқару тетіктері мүлдем басқаша. Жүргізушіге мейлінше ығайлы”, – дейді кейіпкер.

Экскаватор машинисі су тасқыны кезінде уақытпен санаспай жұмыс істеді. Өйткені, судың бетін қайтаратын, тасқынға тосқын болатын бөгеттер салу керек болды. Одан қалды жүк көліктеріне құм тиеу де осы техниканың көмегінсіз жүзеге аспайды.

“Төтенше жағдай жарияланған сәтке дейін біз сақтық шараларын жасадық. Су өтетін каналдар қаздық. Көбіне Қостанай-2 ауданында жұмыс істедік. Күн-түн демей қызметте болдық. Өзіңіз білесіз, жағдай өте қиын болды. Қай жерді су алса, сол жерге жібереді. Ондай сәтте уақытқа қарайтын шама да болмайды. Қазір шамалы тынышталды. Жұмыс болған соң бәрі де болады. Құбыр жарылады кей уақытта. Сол жерге жедел жеткен соң, жұмыс толық аяқталғанға дейін апат орнында жүреміз. Оны бірі түсіненді, басқасы оңай деп ойлайды. Бардың, қаздың, кеттің деп жүреді. Қазғанда да өте мұқият болу керек. Өйткені, ол жердің астында құбырдан бөлек, көптеген инженерлік желілер жүргізілген. Оларды зақымдап алмау керек. Шебердің нұсқамасымен қимылдаймыз. Ол қай жерде қандай желі жүргізілгенін айтып тұрады. Күндіз шамалы жеңілдеу, ал апат түнде орын алғанда қиын. Қыс мезгілінде тіптен ауыр. Жер қазғанда бу болып, түк көрінбей кетеді. Жалғыз мен ғана емес, өзге де әріптестерім бар. Қыстың қытымыр аязында адам болған соң тонасың, бірақ жұмысты атқару керек”, – дейді Бақытбек Урмакаев.

Күн аязда техника жанармайы қатып, қызбай қалатын уақыттар да болған. Сол ауыртпалықтың бәрін қасындағы сенімді, жанашыр әріптестерімен бірге өткеріп келеді. Яғни, ұжымда бөлектену жоқ. Тек ауызбіршіліктің арқасында жұмыс бітеді. Соңғы жылдары қалада көлік көбейіп, қатынас артқан. Ол жағдайда экскаватор жұмысына кедергісін келтірмей қоймайды. Яғни, апат орын алған жерде жұмыс істеу қиындай түскенін айтады кейіпкер. Әр адам басынан түрлі жағдай өткереді. Ал бұл кісінің жұмысы жер қазумен тікелей байланысты болғандықтан, түрлі жағдайлар да орын алып жатады. Тіпті, жер қазу барысында мәйіттің үстінен түскен сәттер де болған.

“Березка ауданында жазу жұмысын атқарып жатқанда адамның жілігі құммен бірге шықты. Ондай жадғай бізге тансық емес. Өйткені, бұл уақытқа дейін ол жерде не болғанын білмейміз. Тұрғын үйдің алдында екі ақсақал отыр екен. Сол кісілерге жолығып жағдайды айттым. Олар матаға орап, жақын тұрған қазақ қорымына апарып көмді. Одан кейін жұмыс барысында ондай жағдай кездескен жоқ”, – дейді Бақытбек Урмакаев.

Қазір жастардың көбі қиын жұмыстан қашатынын да қаузады. Қызметке келгеннің өзінде жалақысына қанағаттанбай шығып кетіп жатады екен. Адамды тұрмыс билейді, бірақ бұл жұмысты да біреу істеуі керек екенін айтады кейіпкер.

“Өзім әкеден ерте қалып, жұмысқа жастай араластық. Ол кезде жағдай да, мүмкіншілікте мәз болмады. Бар ойымыз жұмыс істеп, еңбек етсек деген болды. Ол кездің техникаларын басқару да оңай болмайтын. Машықтанып кетпейінше біраз күшті талап ететін. Ал қазір техникалар жақсы. Тек екі қолмен түймелерді басып басқарып отыруға болады. Соның өзінде жастар жағы келмейді. Шыдамсыз, тұрақсыз болып кеткен. Қызығушылықтары жоқ. Біз жас кезімізде комбайнға отырсақ, онымызды мақтан көретін едік. Мүмкін мен қазіргі жағдайды түсінбейтін болармын. Яғни, жастардың не қалайтынын білмеймін. Бірақ бұл өлмейтін мамандық. Жалақы қазір шүкір, жыл сайын арттырып жатыр. Жер қазудың өзін өнерге телуге болады”, – дейді экскаваторшы.

Аталмыш кәсіпорын облыс орталығының тұрғындарын тіршілік нәрімен қамтып отыр. Жалпы алғанда 500-ге тарта адам еңбек етеді. Ұйым қызмет көрсететін су құбырлары мен кәріз желілерінің ұзындығы шамамен 1000 шақырымнан асады.

“Құбырларды жыл сайын жаңартып жатыр. Бұрыңғы темір құбырлардың орнына, пластикалық полителен салып жатырмыз. Сапасы жақсы. Қала ішіндегі құбырларды шақырымдап қамтып келеміз. Қай іс болсын, бірден бәрі бола қоймайды. Қаражаттың ауқымына байланысты. Бірақ, жұмыс жүріп жатыр. Жаңа құбырлар тиісінше апаттың алдын алады”, – дейді кейіпкеріміз.

Бақытбек Урмакаевтің құрметті зейнет жасына шығуына да бірер апта қалды. Бар ғұмырын маңдай тер, адал еңбек, қара жұмысқа арнаған азамат өміріне разы. Жары екеуі үш ұл тәрбиелеп өсіріп, бүгінде де олар өз алдына жеке шығып, үйлі-баранды болған. Кіші ұлы былтыр үйленген, бүгінде нереме күтіп отырған жайлары бар. Бар ғұмырын еңбекке арнаған азамат, әріптестерінің ортасында сыйлы. Бақытбек ағаны да әріптестері өз ісіне адам және еңбекқор ретінде сипаттайды.  Әріптес болған бар жора-жолдастарына қандай жағдайда да бірге болғандары үшін алғыстан басқа айтары жоқ.

Сералы МЫРЗАБАЙ 

Жаңалықтармен бөлісу