Жұмысшы мамандықтарына қатысты жаңа жоба кеншілер қаласында жалғасты

Жұмысшы мамандықтарына қатысты жаңа жоба кеншілер қаласында жалғасты

Президент Жарлығымен 2025 жыл Жұмысшы мамандықтар жылы болып бекітілді. Мемлекет басшысының осы бағыттағы тапсырмасына сәйкес еліміздің барлық өңірлерінде нақты іс-шаралар қолға алынуда. Соның бірі – Қостанай облысында іске қосылған «Менің болашақ мамандығым» атты жаңа жоба.

 Жобаның басты мақсаты – мектеп оқушыларына ерте жастан кәсіби бағдар беру, өндіріс үдерісін көзбен көру арқылы жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы рөлін ұғындыру, еңбек адамына деген құрметті қалыптастыру. Сондай-ақ бұл бастама арқылы оқушыларды өзінің болашағын дұрыс бағытта жоспарлауға, қабілетіне сай мамандықты саналы түрде таңдауға ынталандыру көзделген.

Апта бойы Қостанай облысының әр ауданынан жиналған 6–8 сынып оқушылары өңірдегі жетекші кәсіпорындар мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына танымдық экскурсиялар жасап, түрлі шеберлік сабақтарына қатысты. Балалар құрылыс, ауыл шаруашылығы, көлік, жеңіл өнеркәсіп, металл өңдеу, дәнекерлеу, техникалық қызмет көрсету сияқты түрлі бағыттармен танысып, заманауи өндіріс орындарындағы жұмыстың нақты барысын көзімен көрді.

blank blank blank Бұл жолы оқушылар «Жұмысшы мамандықтары» жылы аясында ұйымдастырылған кәсіби бағдар беру экскурсиясы барысында «Карагулина» жеке кәсіпорнының жұмысымен танысты. Бұл – өңірдегі нан-тоқаш және кондитерлік өнімдер шығаратын ірі өндіріс орындарының бірі.

blankКәсіпорынның менеджері Оксана Попченко наубайхана өндірісі мен еңбек үрдісі туралы айтып берді:

– «Карагулина» жеке кәсіпорны сауда нарығында 25 жылдан бері бар. Қазіргі таңда біз 40-қа жуық нан-тоқаш өнімін және түрлі кондитерлік тәттілерді өндіреміз. Негізінен Қостанай облысының тұтынушыларын қамтимыз. Кәсіпорында 150-ге жуық адам еңбек етеді, екі ауысыммен жұмыс жасаймыз. Бірақ, өкінішке қарай, бүгінде кадр тапшылығы сезіледі. Көптеген жастар оқу кезінде бізде тәжірибеден өтіп жүрсе де, кейін тұрақты жұмысқа келгісі келмейді. Нан пісіру оңай шаруа емес. Ыждағаттылық пен ептілікті қажет ететін ауыр еңбек. Алайда жалақымыз лайықты деңгейде. Біз жастарды еңбектің қайнаған ортасын көзбен көріп, сезінсе екен дейміз. Себебі нан – күнделікті тұтынатын киелі ас. Оның әр түйірінде маңдай тер жатыр. Балалар соны түсінгені жөн, – дейді Оксана Попченко.

blank blank blank Оның айтуынша, кәсіпорынға тек кондитерлер ғана емес, өзге де жұмысшы мамандары де қажет. Осы ретте өндіріс ұжымы жастармен жиі кездесіп, кәсіби бағдар беру жұмыстарын жандандыруда.

 – Болашақта бізге еңбекке бейім, мамандыққа қызығушылығы бар жас кадрлар қажет. Оларды ерте бастан тәрбиелеу – маңызды қадам. Сондықтан осындай жобалар өте өзекті әрі қажет, – деп түйіндеді кәсіпорын өкілі.

Технология және сервис колледжінің оқытушысы Кристина Гудова бұл бастаманың оқушыларға үлкен әсер бергенін айтады:

 – Бүгін біз №21 мектептің 8-сынып оқушыларын наубайхана өндірісімен таныстыру үшін «Карагулина» жеке кәсіпорнына алып келдік. Бұған дейін колледждердің базасымен танысып шыққан едік. Бұл жолы балалар нақты өндіріс орнын көріп, қайнаған еңбектің ортасына түсті. Наубайшылардың, кондитерлердің қалай еңбек ететінін көзімен көріп, өнімнің қалай жасалатынын қолдарымен ұстап сезінді. Шынын айтқанда, балалардың қызығушылығы ерекше. Бірі күнделікті жейтін нанның жасалуын көрсе, енді бірі пештен шыққан ыстық тоқаштың иісіне таңырқап, тіпті ыстық наннан ауыз тиіп жатыр. Мұндай тәжірибе олардың ой-өрісін кеңейтіп, еңбекке деген көзқарасын өзгертеді деп сенемін, – дейді ол.

blank Оның айтуынша, балаларға тек білім беріп қана қоймай, оларды нақты өндіріс үдерісіне қатыстыру – кәсіби бағдар берудің ең тиімді жолы.

– Ең бастысы – оқушылар нағыз еңбек ордасының шынайы келбетін көрді. Мұның бәрі болашақта олар өз таңдауларын саналы түрде жасауға сеп болады. Біз үшін де, ата-ана үшін де маңыздысы – баланың өз бағытын табуы, – деп түйіндеді Кристина Гудова.

blank Ләззат Әбдікәрімова «Карагулина» жеке кәсіпорнында 7 жылдан бері кондитер болып еңбек етіп келеді. Арнайы кәсіптік білімі болмаса да, бұл салада өзінің табандылығы мен ынтасының арқасында нағыз шеберге айналған. Ол – еңбекке адалдықпен қарап, кәсібін жүрек қалауымен игерген жандардың бірі.

 – Жұмысым өзіме өте ұнайды. Ешқандай қиындығы жоқ деп айта аламын, өйткені адам сүйіп істеген ісінен шаршамайды. Иә, бұл салада арнайы білімім болған жоқ. Бірақ жұмыс барысында бәрін меңгеріп алдым. Тәжірибемен үйрендім. Қазір түрлі торт, бәліш, печенье мен тоқаштарды жасап шығара аламын. Ең бастысы – ниет пен еңбекқорлық. Кәсіптің қыр-сырын үйренуге деген талпыныс болса, бәрі де қолыңнан келеді, – дейді ол. – Біз дайындаған тәттілер мен нан өнімдерін мыңдаған адам күнделікті тұтынады. Сол себепті әр тәттіні сапалы әрі шынайы ниетпен дайындауға тырысамыз. Жұмыс барысында ұқыптылық, жауапкершілік және тазалық басты талаптардың бірі. Ал осы ортаға келген жастар нағыз еңбек барысын көзімен көріп, оның оңай еместігін түсінсе деймін, – деп түйіндеді Ләззат Әбдікәрімова.

Ләззат сияқты жандардың еңбегі жастарға үлгі боларлықтай. Кез келген мамандық иесі болу үшін ең алдымен өз ісіне деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік қажет екені белгілі.

blank blank blank

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Суреттерді түсірген Жансая Сәбитбек

Рудный қаласы