Әріптестеріміз Қостанай қаласы әкімінің марапатын алды

Әріптестеріміз Қостанай қаласы әкімінің марапатын алды

Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев бүгін облыстың бірқатар журналистерін кәсіби мерекемен құттықтап, марапаттады.

Бұқаралық ақпарат құралдарының кәсіби мерекесі қарсаңында облыс бойынша әртүрлі кездесулер өтуде. Мекемелер мен ұйымдар жыл бойы ақпарат тарату қызметінде бірлесе жұмыс істеген тілшілерді марапаттауда.

Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев бірқатар журналистермен еркін форматта кездесіп, ашық әңгіме құрды. Шаһардың бірінші басшысы әріптестеріміздің сауалдарына жауап беріп, бизнес нысандардың сырт келбетіне қатысты ой-пікірін айтты. Сондай-ақ қаланың әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуын ақпараттық тұрғыда кеңінен жариялауға қосқан елеулі үлесі үшін «Қостанай таңы» газетінің директор-Бас редакторының орынбасары Аслан Қанғожин мен тілші Қымбат Досжанова марапатталды.

«Бүгін еліміздің барлық журналистері кәсіби мерекелерін атап өтуде. Біз де дәстүр бойынша сіздерді шақырып, бір жыл бойы өткір тақырыптарға қалам тартып, сюжет түсіріп жүрген еңбектеріңізге алғыс айтқымыз келді. Сіздер жергілікті атқарушы орган мен тұрғындар арасын жалғайтын көпір іспеттісіздер. Халықты толғандырған мәселелерді аппарат кеңесінде, кездесулерде бізге қою мүмкіндігіне ие сіздер. Сіздер сондай маңызды сұрақтарды қойып та жүрсіздер. Бұл өте дұрыс. Журналистермен қатар БАҚ қызметкерлері, фототілшілер, газет беттеушілер, операторлар, редакцияның барлық мамандарын кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын. Сіздерге ең маңыздысы денсаулық, отбасыларыңыз бен жақындарыңызға амандық тілеймін», – деді Марат Қонысбайұлы.

Суреттерді түсірген қала әкімдігінің баспасөз қызметі.