Қостанай облысында қоғамдық аумақтарды тазалау, экологиялық мәселелерді шешу және елді мекендерді абаттандыру жұмыстары цифрлық форматқа көшірілуде. Өңір тұрғындары енді кез келген мәселе бойынша Telegram-бот арқылы тікелей өтініш жіберіп, оның шешілу барысын бақылай алады.
Қостанай облысында «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы аясында тұрғындардың тұрмыстық және экологиялық мәселелерін жедел шешуге бағытталған жаңа цифрлық бастама былтыр іске қосылды. Өткен жылдың шілде айынан бастап Telegram мессенджерінде арнайы чат-бот жұмыс істей бастады. Бұл жүйе тұрғындарға өз аумағындағы тазалық пен абаттандыруға қатысты өтініштерін тікелей жолдауға мүмкіндік береді.
Мәселен, кез келген азамат Telegram-бот арқылы қоқыстың жиналмауы, сынған құдық, құлаған ағаш, лас аумақ сынды мәселелер туралы хабарлап, өтінішке фото мен нақты мекенжайды тіркей алады. Бот геолокацияны сұрайды, сол арқылы адамның нақты қай жерде тұрғаны анықталады және өтініш тиісті маманға жолданады. Жүйе автоматты түрде орындау мерзімін белгілейді, ал тұрғынға жауап пен орындалу туралы хабарлама келеді.
Облыс бойынша әр аудан мен қалада 20-дан астам жауапты маман бекітілген. Олар – аудандық және қалалық әкімдіктердің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдерінің қызметкерлері. Барлық өтініштер облыс әкімінің аппаратына қарасты жобалық басқару бөлімі арқылы орталықтандырылып, бақылауға алынады.
«Telegram-бот арқылы кез келген тұрғын өз өтінішін жолдап, нақты орын көрсетіп, фото тіркей алады. Бұл халық пен билік арасындағы байланысты цифрлық деңгейде нығайтуға сеп. Биыл өтініштер саны күрт өсті», – дейді Қостанай облысы әкімінің аппараты жанындағы жобалық басқару бөлімінің басшысы Әнуар Едіресов.
2024 жылы жүйе арқылы 640 өтініш келіп түссе, биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында бұл көрсеткіш 800-ден асты. Оның ішінде 795 өтініш толығымен орындалған.
Ең көп өтініштер Қостанай, Рудный, Арқалық қалаларынан және Ұзынкөл мен Меңдіқара аудандарынан келіп түскен. Тұрғындар көбіне саябақтар мен аллеялардағы тазалық, тұрмыстық қалдықтар, сынған нысандар, көшелердегі күтімсіз ағаштар туралы мәселе көтеруде.
Жүйе тұрғындар тарапынан оң бағасын алып отыр. Бұл – мемлекеттік қызметтің ашықтығын арттырып, халықтың белсенді азаматтық ұстанымын күшейтетін тиімді құралға айналып келеді.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
