Бүгінде көптеген компаниялар салықтан қашу немесе әлеуметтік міндеттемелерден жалтару үшін қызметкерлерді еңбек шартының орнына азаматтық-құқықтық сипаттағы шартпен жұмысқа алуды әдетке айналдырған.
Ресми статистика бойынша, елімізде 575 мыңнан астам адам дәл осындай шарттармен қызмет етеді.
Облыстың бас еңбек инспекторы Талант Ермановтың айтуынша, жаңа түзетулер бұл үрдіске түбегейлі тосқауыл қоймақ.
«Заң енді қағаздағы форманы емес, нақты еңбек қатынасының мазмұнын басты өлшем ретінде таниды. Егер азаматтық-құқықтық шартта еңбек шартының ерекше белгілерінің ең болмағанда біреуі болса, мұндай шартты жасасуға жол берілмейді. Тараптар оны қалай атаса да, ол еңбек шарты деп танылады», –деді ол.
Егер сіз еңбек шартының орнына азаматтық-құқықтық сипаттағы шартымен жұмыс істеп жүрсеңіз, бірақ күнделікті кеңсеге келіп, басшының бұйрықтарын орындап, ішкі тәртіпке бағынсаңыз, мына айғақтар арқылы еңбек инспекциясына немесе сотқа жүгіне аласыз: Жұмысқа келу-кету табелі, электрондық рұқсатнама немесе бейнебақылау жазбалары, мессенджерлердегі (WhatsApp, Telegram) және электрондық поштадағы басшылықтың тапсырмалары, тұрақты жалақы түсіп тұрғанын растайтын банк үзінді көшірмесі, әріптестердің куәлік етуі.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
