Бұл жоба баланы туған сәтінен бастап ерте жасына дейін кешенді сүйемелдеуге бағытталған.
Былтыр осыған байланысты елімізде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) GMCD балалардың дамуын мониторингілеу жөніндегі нұсқаулығы енгізілген. Бұл құрал балалардағы даму кідірісінің қауіптерін клиникалық белгілері пайда болғанға дейін анықтауға зор септегін беріп отыр.
«Негізгі басым бағыттардың бірі – профилактикалық көмекті дамыту және балалардың дамуындағы бұзылыстарды ерте анықтау. Патронаж қызметін дамытуды, скринингтік бағдарламаларды кеңейтуді, ана сүтімен қоректендіруді қолдауды және ерте шақтағы балалардың ұлттық тіркелімін қалыптастыруды қамтиды», – деп түсіндіреді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары.
Соңғы бір жылдың ішінде Қазақстанда медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) ұйымдарының базасында жұмыс істейтін, балалардың дамуындағы бұзылыстарды ерте диагностикалауға және оларды кешенді сүйемелдеуге бағытталған орталықтар құрылды. Бүгінде ондай даму және ерте араласу орындарының саны төрт жүзге жақындады. Ол орталықтарда балалармен дәрігерлер, логопедтер, психологтер, реабилитологтер және басқа да мамандардан құралған мультидисциплинарлық командалар жұмыс істейді.
Сонымен қатар ата-аналарға да жан-жақты қолдау көрсетіледі. Оларды бала күтімі дағдыларына үйретеді, баланың дамуына қатысты консультация береді және медициналық көмек көрсетудің барлық кезеңінде сүйемелдейді.
Дәрігерлер ерте араласу балалар мүгедектігінің қаупін төмендетуге, баланың өмір сүру сапасын жақсартуға, оның табысты дамуы мен қоғамға бейімделуіне қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік беретінін айтады. Көмек неғұрлым ерте басталса, баланың өз әлеуетін толық ашуына соғұрлым мүмкіндік жоғары болмақ.