Қыс жылы болса, төлем де азаяды фото - ЖИ

Қыс жылы болса, төлем де азаяды

Қыстың қаһары қатты болмаса, тұрғындардың қалтасына да салмақ аз түседі. Жылыту маусымында сыртқы ауа температурасы қалыпты деңгейден жоғары болған жағдайда тұтынылған жылу көлемі де төмендейді.

Сондықтан заңнамаға сәйкес есептеу құралдары орнатылмаған тұрғын үйлерде жылу ақысы қайта есептеліп, артық төленген қаражат тұтынушыларға қайтарылады.
Биыл Қостанай облысында осындай қайта есептеу нәтижесінде тұрғындарға 25,7 миллион теңгеден астам қаржы (қосылған құн салығымен) қайтарылады.

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қостанай облысы бойынша департаменті хабарлады.

Департамент жыл сайын есептеу құралдары жоқ тұрғын үйлерге жылумен жабдықтау қызметін көрсететін табиғи монополия субъектілерінің жұмысын талдайды. Мұндай үйлерде төлем жылу энергиясын тұтынудың белгіленген нормативі бойынша есептеледі.

Ал жылыту маусымындағы нақты сыртқы ауа температурасы ескеріліп, артық есептелген қаражат қайта қаралады.

«2025-2026 жылғы жылыту маусымының қорытындысы бойынша Қостанай облысында тұтынушыларға қайтарылатын қаражаттың жалпы көлемі 22 млн 729 мың 559 теңгені (ҚҚС-сыз), ал 25 млн 687 мың 168 теңгені (ҚҚС-пен) құрады. Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстық департаменті жылумен жабдықтаушы кәсіпорындарға 20 шілдеге дейін тұрғындарға қайта есептеу жүргізуді міндеттеді. Қайтарылатын сома төлем түбіртегінде жеке жолмен көрсетіліп, оның қайта есептеу нәтижесі екені арнайы белгіленеді», – делінген хабарламада.

Ең көп қаражат «Қостанай жылу-энергетикалық компаниясы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының тұтынушыларына қайтарылады. Бұл кәсіпорын бойынша қайта есептеу көлемі 13,3 миллион теңгеден асады (ҚҚС-пен).

Сонымен қатар, қайта есептеу «Жітіқаракоммунэнерго», «Затобол жылу-энергетикалық компаниясы», «Құсмұрын жылу-энергетикалық компаниясы», «Рудный жылу желілері», «Лисаковскгоркоммунэнерго», «Наурызым Сервис» және өзге де табиғи монополия субъектілерінің тұтынушыларына жүргізіледі.

Департамент табиғи монополия субъектілеріне нақты тұтынылған жылу энергиясы бойынша тұтынушыларға қайта есептеу (қаражатты қайтару) жұмыстарын осы жылдың 20 шілдесіне дейін жүргізу мерзімін белгіледі.

Қайтарылатын қаражат сомасы төлем құжатында (түбіртекте, хабарлама-шотта) жеке жолмен көрсетіліп, оның қайта есептеу нәтижесінде қалыптасқан сома екендігі туралы ақпарат беріледі. Тұрғындарға қосымша өтініш берудің немесе құжат жинаудың қажеті жоқ. Бұл тетік тұрғындардың құқықтарын қорғауға, төлемдердің әділ есептелуін қамтамасыз етуге және табиғи монополиялар саласындағы ашықтықты арттыруға бағытталған.

Сералы МЫРЗАБАЙ