«Жұмсақ күштің» құдіреті неде?

«Жұмсақ күштің» құдіреті неде?

Өткен ғасырдың ортасында Корей елі ішкі және сыртқы қақтығыстарды басынан кешірген кедей елдердің бірі еді. Осы жағынан да Қазақ елімен тағдырлас десе де болатындай. Алайда аз ғана жыл ішінде ебекқорлығы мен табандылығының арқасында олар қарқынды дамыды. Экономикасымен бірге мәдениетінің дамуына айрықша мән берді. Әлемге өзінің мәдениетін кино, музыка, ерекше киім, сән үлгісін де паш етті.

Бұл жағдай Қазақ жастарын да айналып өткен жоқ. Себебі жастар арасында Корей фильмдеріне, К-рор музыкасына, сәні мен стиліне деген қызығушылық артпаса, басылмай тұр. Бірнеше сериядан тұратын дорамалары әлемнің көптеген тіліне аударылған. Сол кинолардағы актерлер мен актрисалар бүгінгі жастардың басты қаһармандары. Қолпылдаған кең киімдер де бүгінде жастар арасында сәнде. К-рор топтары, музыкасы әрбір жастың сүйіп тыңдайтын әуендері. Бүгінде жастар олардың өнер адамдарын жатқа біледі. Тіпті жеті атасын олай жіктемес. Енді осыларға кеңірек жеке тоқталсақ.

Дорамалар көрерменді несімен жаулап алды?

Тек жастар емес, егде жастағы адамдар арасында да Корей дорамаларын сүйіп көретіндер баршылық. Өткен ғасырда жұртшылық Үнді фильмдерін қалай ынтыға көрсе, қазір оны осы Корей киносы алмастырған. Тарихи, заманауи, экшн сияқты бірнеше жанрды қамтиды. Ондағы кейіпкерлерді сомдайтын актерлердің жеке өмірі, сұлулық құпиясы, өмір салты бүгінде әлем назарында. Жастар бас қосқан жерде соны талқылайды. Мен оны жас әріптестерім мен іні-сіңілілерімнен жиі байқаймын.

blank

Корейдің өнер адамдары келген жасынан әлдеқайда жас көрінеді әрі ерекше сұлу. Әдемілікке әсіресе әйелдер құмар. Сондықтан көптеген қыз-келіншектер сол корей актрисаларындай жас әрі сұлу болуға тырысады. Тағы бір айта кететін қызық жайт, корей киножұлдыздарының жеке өміріне үңілсек, олар отбасын құруға асықпайды. (Әртістерден бөлек, жалпы корей халқы Еуропа елдері сияқты отбасын шамамен 30-40 жас шамасында құрады-мыс). Мысалы, танымал кино актер Ли Мин Хо 38 жаста, бірақ үйленбеген. Ол өмірі туралы сұрағандарға өз адамын кездестіргенін сезбейінше отбасын құруға асықпайтынын айтқан. Осындай факторлар қазіргі қазақ қоғамында да жастардың үйленуге асықпауына септігін тигізіп жатқандай. Актерлердің рөлдерін сомдаудағы шынайылығы, сендіруі және эмоцияға беріліп жеткізуі өз алдына бөлек әңгіме.

blank

К-рор жанры алдыңғы қатарда

Қазір кез келген жастың плей-парағында корей әндері бар. Кей жастар отандық әншілерді білмесе де, сол шығыс азиялықтарды жатқа біледі. BTS тобының мүшелері (Jungkook, RM (Kim Namjoon), EXO (Kai, Sehun), BLACKPINK (Jennie, Lisa, Jisoo, Rosé), Stray Kids (Hyunjin, Bang Chan), GOT7-тен (Jackson Wang), Big Bang (Taeyang), Jay Park, Zico, және DPR IAN бүгінде әлем жұртшылығын аузына қаратып тұрған жұлдыздар. Олардың концерттеріне әлемнің түпкір-түпкірінен жиналады және аншлагпен өтеді. Тіпті қазір елімізде осы К-рортың қазақи нұсқасы Q-поп (қазақы поп) деген жанр пайда болды. Оның негізін қалаушы Ерболат Беделхан еліміздегі ең танымал әрі беделді продюсерлер қатарында. Оның айтқан әрбір сөзі жастар үшін өнеге іспетті. Ол құрған Ninety One («91» деген мағынада, Қазақстан тәуелсіздік алған жылмен сәйкестендіріп қойған) тобы біздің ел түгіл алыс-жақын шет мемлекеттерге де танымал. Алғашқы кезеңде ол топқа қарсылық танытқанмен, қалың көрермен оны жас-кәрісіне қарамай жақсы көріп кетті. Жастар арасында сол топтың әншілеріне еліктеп шаш бояп, сырға тағып, кең шалбар кию (ер балалар арасында) сәнге айналды. Тіпті «91» тобын «қазақ тілін насихаттаушы» деп білетіндер бар. Продюсер Ерболат айтқан «жұмсақ күш», яғни, корей субмәдениеті осылайша дүние жүзін өзіне қарата білді.

blank

Бьюти индустриясы бәріне белгілі

Қазір азиаттық бет-әлпет әлемдік трендте. Бұған негізгі себеп – Корей елі. Шығыс Азияда пластикалық ота қарқынды дамыған. Кейбір деректерге сүйенсек, Кореяда жақсы жұмысқа тұру үшін адамның білімімен қатар, келбеті де маңызды рөл ойнайды. Жоғарыда айтып өткен дорамадағы актерлер мен актрисалардың жас көрінуінің құпиясы осында. Байқасаңыз, қазір елімізде пластикалық отаға жүгінген (ерін, мұрын, қабақ т.б. жасатқан) қыз-келіншектерді жиі кездестіреміз. Корей косметикасын бүгінде әлемнің кез келген сұлулық дүкендерінен кездестіруге болады. Бьюти саласындағы экспорты жыл сайын артып келеді. Бағасы әртүрлі: қымбат әрі қолжетімді. Бұны мен соңғы 10 жылда тек осы елдің косметикасын қолданатын тұтынушы ретінде сенімді айта аламын. Косметикасымен қоса, қазіргі таңда бояну әдісі де (make up) сәнде. Жас қыздар корей әртістері сияқты боянуға талпынады. Шаш қою, қию үлгісі де кең тараған.

blank

Соңғы кезде нарықта Кореядан келген киім-кешектер көбейіп жатқаны жасырын емес. Кез келген сауда орындары мен киім дүкендері толып тұр. Қыз балалар да, ер балалар да жоғарыда айтқан корей әртістері сияқты киініп жүр. Кең үлгідегі киімдер, қысқа белдемше т.б. Бір жағынан күнделікті өмірге өте ыңғайлы.

Сарапшылар не дейді?

 

Жангелді ШАУКЕНОВ, А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ  профессор ассисенті, тарих ғылымдарының кандидаты:

– Қазір жастар арасында корей дорамалары мен К-рор музыкасына, сән әлеміне деген қызығушылық басым. Оның бірнеше себебі бар, ол – сапалы контент пен жүйелі стратегия. Оңтүстік Корея мәдени индустрияға мемлекеттік деңгейде инвестиция салды. Сценраийі терең, эмоцияға бай, кәсіби түрдегі хореография. Бұл жастарды бірден баурап алады. Ондағы құндылықтар қазақ менталитетіне де жақын. Сондықтан тыңдарман өзін кейіпкерлермен оңай байланыстырады. Оған әлеуметтік желілердің әсері зор. Олар шығармалары арқылы еңбекқор, тәртіпті, мақсатқа ұмтылатын жастардың символын жеткізеді және қарапайым адам да жетістікке жете алады деген ойды көрсетеді. Ол жастар үшін үлкен мотивация. Жаһандану мен балама мәдениетке деген жастар тарапынан сұраныс бар. Корей мәдениеті сол сұранысты қамтамасыз етіп отыр. Қорытындылай келгенде, ол кездейсоқ құбылыс емес, ол жоспарлы түрдегі сапа, эмоция, дұрыс маркетинг және жастар психологиясын дәл түсінудің нәтижесі.

Қазақ мәдениеті өте бай, бірақ оны шет елдік аудиторияға көрнекі, динамикалық жеткізу кемшін. Көп өнімдер ескі стильде қалып қояды. Продюсерлік және менеджмент мектебі жетіспейді. Талант бар, бірақ оны сыртқа шығаратын сауатты продюсерлер мен маркетологтар аз. Бізде эксперименттен қашады. Әлемге шығу үшін батыл форма, жаңа интерпретация қажет. Қазақ тіліндегі контент аз субтитрленеді, халықаралық платформаға бейімделмейді. Қазақ мәдениетінде мәдени экспортқа бағытталған индустрия, қазіргі заманғы кейіпкерелер мен образдар, ұлттық кодты трендке айналдыру жетпей жатыр. Қазақ мәдениетін жүйелі брендке айналдыру керек, Осының бәріне мемлекеттен қолдау, арнайы бағдарламалар керек.

Егер біз тек тұтынушы болып қалсақ (басқа мәдениетті тек қабылдап, өзіміз өнім шығармайтын болсақ), тасада қалу қауіпі жоғары. Ал тек ностальгиямен шектелсе (өткенді мадақтап, бүгінді қозғамасақ), мәдениет мұражайға айналады. Жаһандану ол – сынақ. Одан көп мемлекеттер өтті. Мәдениет тірі ағза сияқты, дамыса, өлмейді. Қазақ мәдениетінің негізі өте мықты. Біздің мәдениет әлемге қызық емес деген жалған ой бар, ол дұрыс емес. Қазақ мәдениетін той мен музей шеңберінен шығарып, синтез, жаңа форма жасау, жастар образын мәдени өнімге айналдыру, сапа мен бәсекеге үйрену құрбандыққа апармайды.

 

Ерлік САПАБЕКОВ, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы, өндіріс бөлімінің менеджері:

Кино ұлттың мәдениеті мен тарихын көрсетеді. Өз басым Корей киносын көрмеймін, бірақ байқайтыным, қазақ жастарын әдемілігімен жаулап жатыр. Бұл уақытша құбылыс, кейін басқа бір леп келеді.

«Елу жылда ел жаңа» демекші, уақыт емші. Қазіргі қазақ сериалдары мен фильмдері де даму үстінде. Әлемдік деңгейге шығып жатыр, байқауларға да қатысып жатыр. Қазақ фильмдерінің болашағы зор.

Меніңше, қазақта корей дорамаларынан асып кететін фильмдер баршылық. Болашақта, керісінше, корей фильмдері қазақ киносының көлеңкесінде қалатынына сенімім мол.

 

Түйін:

Әрине, жастардың өнер-білімге құмартуы, бір шеңберде шектелмей, өзге елдің мәдениетімен таныс болуы құптарлық жағдай. Дегенмен, фанатизмге бой алдырып, өз құндылығынан өзгенікін биік қоюы алаңдатарлық мәселе. Ақпарат пен технологияның дамыған кезеңінде барлық ақпаратқа жол ашық, шектеу жоқ. Біз демократиялық мемлекетте өмір сүріп жатқаннан кейін ешкімге ештеңе жүктеп немесе шек қоюға құқығымыз да жоқ. Десе де, бұл мәселе төңірегінде ата-ана, мемлекет тұрғысынан сүзгі керек сияқты. Себебі, болашақ жастардікі дейтін болсақ, келешекте ұлттық мәнеиетімізден қол үзіп, жаһандану кезеңінің құрбанына айналып кетуіміз әбден мүмкін. Сондықтан жастарға ғаламның барлық мәдениеті, тілін біліңдер, алайда ана тіліміз бен дәстүрімізді, мәдениетімізді бірінші орынға қою қажет демекпін.

Бота Манет