“Жүз батыр” жобасы іске аспақ

“Жүз батыр” жобасы іске аспақ

Бірегей жобалардың авторы, елімізге белгілі қоғам қайраткері, жерлесіміз Жұмағали Арыстан біраз уақыттан бері ұлттық идеологиямызды насихаттау бағытында елеулі еңбек етіп келеді.

Әсіресе, «QazanNAN»  жобасы сәтті іске асып, көпшіліктің қолдауына ие болды. Қара қазанның қасиеті мен киесін танытып, жас ұрпақтың санасына сіңірген бұл жобаның философиялық мәні тереңде. Ол туралы газетіміздің 19-шы нөмірінде тарқатып жазған едік. Ал, бүгінгі сұхбатымызда Жұмағали ағамыздың қолға алғалы отырған “Жүз батыр” бастамасы жайында баяндаймыз.

– Жұмағали Ерсұлтанұлы, жаңа жобаңыз туралы оқырмандарымызға толығырақ айтып берсеңіз.

– Осыдан 26 жыл бұрын Астана қаласы – Қазақстанның елордасы болып жарияланған уақытта жаңа буын, жас ұрпақ өмірге келіп, еліміздің дамуына өлшеусіз үлес қосарына сенім арттым. Өйткені, жаңа астанамызға республикамыздың әр жерінен жастар келіп, қоныстанып, өсіп-өнеді. Олардан тараған ұрпақ – жаңа буын өкілдеріне алдыңғы толқын ретінде қандай бағыт-бағдар беремін деген ой келді. Сөйтіп жүргенімде “Жүз батыр” жобасы туралы идея пайда болды. Ұзақ уақыт іште қайнап, пісіп-жетілгенде бір-ақ сыртқа шығардым. Жобаның мақсаты – дарынды балалардың талантын ұштау. “Боламын деген баланың бетін қақпа, белін бу” деген әдімі сөз бар халқымыз-
да. Жас өскіннің жолын ашу, алғашқы қадамдарын нық басуларына қолдау жасау сіз бен біздің міндетіміз.

“Жүз батыр” жобасын алдымен Астана қаласында бастаймын. Бастамам жергілікті билік тарапынан қолдау тауып отыр. Басқа өңірлер қызығушылық танытса, қарсы емеспін. Не себепті Астана деген сауал туындауы мүмкін. Себебі, соңғы екі айда елордада тұрып жатырмын. Негізінде, кенже қызымды қазақ мектебінде оқыту үшін отбасымды алып Қостанайдан Астана қаласына қоныс аударған едім. Он бес жыл Астанада тұрыппын. Сол уақыттары  «QazanNAN»  жобасын іске асырып, көптің алғысын арқалап елге оралдым. Құдай қосқан қосағым Қарлығаштың өтінішімен жуырда қайтадан Елордаға көшіп бардық. Биыл жұбайыммен отасқаныма 35 жыл болыпты. Жас кезімде марқұм анам менің жұбайыма: “Ұстама, ұстай алмайсың. Шыда. Шыдасаң, осы өмірде сені алақанына салып, көтереді” деп аналық ақылын айтқан еді. Қарлығашым сол сөзден әрі аттамай, маған қолдау білдіріп келеді. Артық ауыз сөз айтып, алдымнан шыққан емес. Туған-туысты қабақ шытпай қарсы алып, үйге келген мейманды күтіп алып, шығарып салады. Аға-апаларымның балалары жазда біздің үйге келетін. Солардың бәрін күтіп, бағып, жағдай жасады. Жұбайымның маған деген құрметін елеп, бір ауыз сөзін ескеріп Астанаға қайтадан көшіп барған жайымыз бар.

– “Жүз батыр” бастамасы қалай іске аспақ?

– “Жүз батыр” жобасы жас ұрпақтың жолын ашар ерекше бастама болар еді. Мықты деген жүз баланы таңдап, іріктеп алып, олардың идеяларын, арман-мақсаттарын іске асыруға қолдау білдірсем деймін. Олар бизнес жоспарларын жасап, ұсынады. Біз оған қолдау көрсетеміз. Бес жылдың ішінде белгілі бір деңгейге көтерілуі тиіс. Осы мақсатты алға қойып отырмын. Яғни, жастардың табысты кәсіпкер, білікті шенеунік, жауапты ауыл әкімі болып қалыптасуы үшін  қажетті жұмыстарды жасаймыз. Бұл жоба тек бизнес бастауға ғана бағытталмаған. Әлеуметтік, мемлекеттік жұмыстарда табысқа жетудің құпияларын бөліседі. Әзірге, жобаның алғашқы қатысушыларын Астана қаласынан іріктейміз.

 

Жаңалықтармен бөлісу