Жолда орын алатын оқыс жағдайдың алдын алу үшін облыстық ПД мүдделі органдармен бірлесіп кешенді шаралар қабылдап жатыр. Десек те, талдауға көз жүгіртсек бұл шаралар әлі де жеткіліксіз. Өйткені, облыста жол-көлік оқиғасы 90,3 пайызға артқан (206-дан 392-ге дейін). Жарақат алғандардың саны 273-тен 501-ге дейін өсіп отыр.
Жол көлік оқиғасы мен жарақат алғандар санының өсуі ЖКО-ның есепке алу тәртібінің өзгеруімен байланысты дейді Қостанай облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Алексей Милюк.
“Бас прокуратураның жаңа талаптарына сәйкес, денсаулығына зиян келмесе де болған ЖКО барлығы есепке алынады. Бұрын тек денсаулығына зиян келгендер ғана сот сараптамасының қорытындысымен есепке алынған. Мұның сыртында жолдағы тәртіптің төмендегені байқалады. Жыл басынан бері 73 мыңнан астам жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі анықталды. Оның ішінде 7647-і жаяу жүргінші. Жеті жүзге жуық мас жүргізуші ұсталса, қарсы жолаққа шығып кеткендердің саны 87. Сот шешімімен 600-ден астам адам жүргізуші куәлігінен айырылып, 644 бұзушы қамауға алынды. Мұның сыртында мас күйінде көлікті қайта жүргізген 45 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды”, – дейді Алексей Милюк.
Соңғы екі жылда облыста автокөлік саны 25 мыңға артқан. Күн сайын облысты транзитпен 10 мыңнан астам көлік кесіп өтеді, оның бес мыңға жуығы жүк көліктері. Ақауы бар көлікті жүргізген 3 мың жүргізуші анықталып, техникалық байқаудан өтпеген 3 мыңға жуық жүргізушіге айыппұл салынған.
Аймақта Қостанай және Арқалық қалаларында екі мамандандырылған автодром бар. Басшының орынбасары тағы бір автодромды Жітіқара ауданы орталығынан ашуды ұсынды. Егер ашылған жағдайда жалпы облыстық мамандарға жүктемені азайтуға мүмкіндік бермек. Сондай-ақ, қаланың және жақын маңдағы ауыл тұрғындары үшін тиімді болмақ.
Өкінішті жағдайға әкеліп соғатын фактордың бірі жол инфрақұрылымының жағдайы. Өлім-жітімнің үштен бірі жаяу жүргіншілердің көлік астына түсуімен баланысты. Облыс аудандарының денінде қауіпсіз жаяу жүргіншілер өткелдері, жарықтандыру, тротуарларлар жасалмаған. Облыс орталығы көш басында. Жыл басынан бері 4309 жол-көлік оқиғалары орын алған. Яғни, күн сайын орта есеппен 25-30 көлік соқтығысады.
“Бұл ретте, қаладағы ЖКО-ның жиі орын алуына техникалық реттеу құралдарының, яғни бағдаршамның істен шығуы, жол белгілері мен жол сызықтарының болмауы себеп.
“Бағдаршамдарды жаңасына алмастыру ісі өте баяу. Жоспарланған 30-дан тек жетеуі ауыстырылды. Жол қозғалысын басқарудың автоматтандырылған жүйесі әлі де жұмыс істемейді. Бағдаршамдардың жүйелі жұмыс істемеуі көлік апатына және кептеліске себеп болып отыр. Бүгінде барлық бағдаршамдардың жартысы ғана инженерлік жүйелерді басқарудың және диспетчерлеудің автоматтандырылған жүйесіне қосылған”, – дейді Алексей Милюк.
Қостанайда жол белгілерін ауыстыру және орнату жұмысы шілде айының ортасында ғана басталған. Тек 30 жол белгісі жабдықталған, ал облыс орталығында 700 белгі жабдықталуы керек.
“Мемлекеттік сатып алудан қостанайлық мердігер жеңіп алған. Келісім-шарт 90 млн теңге. Бірақ мердігер жұмысты тиісті деңгейде орындай алмай отыр. Екінші жағынан жеткізуші тарап материалдарды кешіктіруде. Жалғыз мердігер бүкіл қаланы қамтып үлгермей жатыр”, – деді Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов барлық ескертулерді орындауды тапсырды. Қостанай қаласындағы мәселелерді тездеп шешу керек екенін айтты. Облыс орталығы болғандықтан, көлік ағыны көп, оқыс жағдай жиі орын алады.
“Жыл басынан бері облыс бойынша жол көлік оқиғаларының саны өткен жылмен салыстырғанда екі есеге өскен. Айта кету керек, жол апатының көбі жүргізуші тәртібінің төмендігінен орын алады. Жол қауіпсіздігі мәселесі жергілікті атқарушы органдардың тұрақты назарында болуы тиіс. Алайда, жылдан жылға бұзушылықтар қайталана береді. Жол белгілерінің, жаяу жүргіншілер жолының, бағдаршамдардың болмауы, сондай-ақ, жарықтандыру проблемасы бар. Қостанай қаласында жол белгілерінің 30-ы ғана орнатылған, әлі ондаған белгі орнатылуы қажет. Оның үстіне көптеген бағдаршам жиі істен шығады. Ретке келтіріңіздер. Биыл материалдық-техникалық тұрғыдан қамтамасыз етуді жақсартуға 400 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Сондай-ақ, жыл соңына дейін 111 млн теңгеге жылдамдық режимін тексеретін 8 кешен орнату жоспарлануда”, – деді Құмар Ақсақалов.
Кеңесте бей-берекет өскен ағаш бұтақтарын кесіп, ретке келтіруі керектігі айтылды. Өйткені олар жол белгілерін жауып қалған. Талапқа сай жол белгілері мен бағдаршамның көріну қашықтығы 100 метр болуы тиіс. Қалада Қайырбеков, Баймағамбетов, Абай, Алтынсарин, Тәуелсіздік және Карбышев көшелерінде өскен ағаштардан жол белгілері көрінбейді. Бұл тек басты көшелер, осындай мәселе өзге көшелерде де бар.
“Оқу жылының басталуына бір ай қалды, бірақ оқу орындарының жанындағы инфрақұрылым қанағаттанарлықсыз жағдайда. Былтыр облыс әкімі Қостанай облысының білім беру мекемелері маңында жол инфрақұрылымын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті. Инфрақұрылымды жақсартуға облыс әкімдігі мектептердің жанында қауіпсіз орта құру үшін шамамен 400 млн теңге бөлді. Алайда жүргізілген зерттеу барысында қалалар мен аудандардың барлық әкімдіктері қойылған міндетті орындай бермейтіні анықталды. Мысалы, Қостанай қаласында, Аманкелді, Әулиекөл, Қарасу, Бейімбет Майлин және Федоров аудандарында жол белгілері ауыстырылмаған және сәйкес келтірілмеген. Биыл рудный қаласында кәмелетке толмаған баланы оқу орнының жанында көлік қағып кетті. Сол себепті аталған кемшілікті тездетіп жою керек”, – деді ПД бастығының орынбасары.
Алексей Милюк қоғамдық көлікті, шұғыл қызметтердің автомобильдерін жабдықтау үшін жол қозғалысы ережелері бұзушылықтарын тіркейтін кешен сатып алу қажетекенін айтты. Оның сөзінше ол құрылғы өңірдегі жол қауіпсіздігі деңгейін арттыруға едәуір көмектеспек.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ