ЖИ адами құндылықттарды толық алмастыра алмайды

ЖИ адами құндылықттарды толық алмастыра алмайды

Қостанайда өткен «QOSTANAI TECH» фестивалінде Нобель бейбітшілік сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг онлайн байланыс арқылы сөйледі.

Оның айтуынша, технологиялық даму тек экономикалық өсімге бағытталмауы керек, ол міндетті түрде экологиялық тепе-теңдікпен және тұрақты даму қағидаттарымен қатар жүруі тиіс.

Бүгінгі таңда цифрландыру – жай ғана экономиканы ілгерілетудің құралы емес, сонымен бірге табиғатты сақтаудың тиімді тетігіне айналып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, технология мен экология арасындағы үйлесімнің болғаны дұрыс. Спикердің пікірінше, экономикалық өсім болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікпен және қоршаған ортаға деген қамқорлықпен тығыз байланысты болуы қажет.

Ол өз сөзінде адамзаттың тарихи кезеңге аяқ басқанын атап өтті. Қазіргі таңда жасанды интеллект көптеген мамандықтарды алмастырып, білім беру жүйесіне түбегейлі өзгерістер енгізуде. Жасанды интеллект ақпаратты жылдам талдап, процестерді автоматтандырып, күрделі міндеттерді тиімді шеше алады. Алайда ол адамның эмпатиясы, жанашырлығы мен моральдық құндылықтарын алмастыра алмайды.

«Біз қазір тарихи кезеңді бастан өткеріп отырмыз. Бүгінгі таңда адамзат жасанды интеллект дәуіріне қадам басты. Жасанды интеллект кейбір мамандықтарды алмастырып, болашақтағы білім беру жүйесіне елеулі ықпал етуде. Ол ақпаратты жылдам талдап, түрлі процестерді автоматтандырып, көптеген зияткерлік міндеттерді адамнан әлдеқайда тез орындай алады. Алайда жасанды интеллект ешқашан адамның жанашырлығы, эмпатиясы мен рухани құндылықтарын толық алмастыра алмайды. Сондықтан болашақ білім беру жүйесінің негізгі мақсаты – тек білім мен дағды беру емес, ең алдымен құндылықтарды қалыптастыру. Атап айтқанда, тұрақтылық, өмір сапасы, әлеуметтік бірлік, жауапкершілік және қамқорлық сияқты ұстанымдар басты орынға шығуы тиіс. Білім алушы тек теорияны меңгеріп қана қоймай, оны күнделікті өмірде тиімді қолдана алуы қажет. Бұл тұрғыда біз даму бағытымызды «санға емес, сапаға» негіздеуіміз керек. Сонымен қатар, болашақ энергия көздеріне және баламалы ресурстарға ерекше назар аудару маңызды. Қалпына келетін энергия көздерін пайдалану бізге ресурстарды тиімді игеруге, қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтуға және экономиканың сапалы дамуына жол ашады. Бұл өз кезегінде климаттың өзгеруі мәселесін шешудің маңызды тетіктерінің біріне айналады. Қазіргі заман бізден тек технологиялық сауаттылықты ғана емес, сонымен қатар жоғары адамгершілік құндылықтарды талап етеді. Тек осы екі бағытты үйлестіре алған жағдайда ғана біз тұрақты әрі сапалы болашақ қалыптастыра аламыз», – деді ол.

Жасанды интеллект дәуірінде адам өз орнын жоғалтпау үшін ең алдымен адамгершілік қасиеттерге негізделген мамандықтарды таңдауы қажет. Жасанды интеллект қаншалықты дамығанымен, ол эмпатияны, жанашырлықты, мейірімділік пен рухани құндылықтарды толық алмастыра алмайды.

«Сондықтан болашақта сұранысқа ие болатын мамандықтар – адамдарға көмек көрсетуге, қоғамға қызмет етуге бағытталған салалар. Оның бәрін ЖМ бере алмайды. Табиғатты қорғау, қоғамға қызмет ету, науқастарға көмектесу, балаларды қорғау адам болмысының ажырамас бөлігі. Адамзаттың дүниетанымында бұл ұстаным Тәңір рухы ұғымымен үндеседі. «Көк Тәңір» түсінігі табиғат пен адам арасындағы үйлесімділікке, қоршаған ортаға құрметпен қарауға негізделген. Сондықтан қазіргі заманғы технологиялық даму ұлттық құндылықтармен сабақтасқанда ғана шынайы мәнге ие болады. Ғалымдар ғылымды дамытуды жалғастырып жатқанымен, білім беру және қоғамдық институттардың басты міндеті – әлемді сақтау мен оған жанашырлықпен қарау идеясын алға қою. Бүгінде көпшілік климаттың өзгеруі мәселесін қиындатып жіберген. Климаттық өзгерістерге бейімделу және оны шешуге бағытталған құзыреттерді игеру – болашақ мамандықтардың өзегіне айналуы тиіс. Бұл бағыт жастарға жаңа идеялар мен инновациялық шешімдер арқылы дамуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, болашақ энергия көздеріне ерекше назар аудару маңызды. Қалпына келетін энергия ресурстарын пайдалану табиғатты сақтауға, ресурстарды тиімді басқаруға және экономиканың сапалы өсуіне ықпал етеді. Бұл өз кезегінде климаттық дағдарысты еңсерудің тиімді жолдарының бірі болмақ. Қорытындылай келе, қазіргі заман адамы технология мен адамгершілікті қатар ұстануы тиіс. Тек осы үйлесім арқылы ғана біз тұрақты, қауіпсіз әрі саналы болашақты қалыптастыра аламыз», – деген ойын жеткізді.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА