Серке Қожамқұлов атындағы Ұлытау облыстық қазақ музыкалық — драма театрының Арқалық қаласындағы «Ұлытаудан сәлем!» атты гастролдік сапары басталды.
Бұл театр ең алғаш 1972 жылы Арқалық қаласында М.Щепкин атындағы Мәскеу театр училищесінің түлектерінің негізінде Өзбекәлі Жәнібеков пен Ілияс Омаровтың бастамасымен құрылған.
1981 жылы театр ұжымына ҚазССР Халық артисі, Социалистік еңбек ері, кәсіби қазақ театрының негізін қалаушы Серәлі Қожамқұловтың есімі берілген. Торғай облысының жабылуына байланысты театр Жезқазған қаласына қоныс аударады.
Қазіргі таңда театрда ҚР еңбек сіңірген артисі Д.Жанботаев, Құрмет орденінің иегері Р. Ибраева, ҚР еңбек сіңірген артисі С.Бұлғақбаев іргетасын қалаған артистермен бірге талантты жас толқын жұмыс істеп келеді.
Театр қоржыны туындыларға толы. Көшбасшы қойылымдарының бірі — Ғ.Мүсіреповтің «Қозы көрпеш – Баян сұлу» спектаклін арқалықтықтар анталай ұйып тамашалады.
Әртістер сахнаның майын шығара басты рөлдер: Қарабайды, Қодарды, қос ғашық Қозы мен Баянды, жағымсыз кейіпкер Жантықты және басқа да кейіпкерлерді жан сала асқан шеберлікпен сомдап, көрермендерінің көзайымына айналды.
Оқиға желісіндегі Қарабайдың дүниеқоңыздығы, Қодардың апайтөс аңғалдығы, Жантықтың бақай есеппен бармағын бүгіп жүретіндігі, Қозының батырлығы, Баянның бұла өскен еркіндігі бәрі де көпшіліктің көңілінен шығатындай жоғары машықпен ойналып шықты. Қос ғашықтың аналары да ақыл парасаттарымен, көркем мінездерімен, тартымды бейнелерімен көрген жанды өзіне баурап алады.
Өкінішке орай, қара ниеттілердің кесірінен Қозы мен Баян қосылмады. Бірақ, олар мәңгілік махаббаттың символы болып елдің есінде қалды.
Қойылым соңында сахнагерлерге қала әкімінің ықылас гүлі тарту етілді. Қала әкімі Әмірхан Асанов жылы лебізін білдіріп, театр басшысы Досхан Сәкенұлына алғыс хатын табыстады. Сахна абызы Досжан Жанботаевтың иығына шапан жапты.

Қонақ театрдың сүбелі қойылымдары әлі де жалғасатын болады.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы.
