Әйет өзенінің арғы жағында Әйет ауылы, бергі жағында осылай аталып кеткен Фрунзе қоныс тепкен.
Ертеде қатардағы қазақы ауылдың бірі болған. Азамат соғысынан кейін қазақ даласына кеңес өкіметі жаппай орнаған кезде мұнда қызыл әскер қолбасшысы, революционер Михаил Фрунзенің аты беріліпті.
Ендеше қазіргі Фрунзе ауылының атауы тарихтағы азамат соғысынан бастау алады деген сөз. Жаппай ұжымдастыру саясаты орнаған тұста осында «Путь к коммунизму» совхозы құрылған. 2027 жылдың 15 наурызында совхоздың құрылғанына 70 жыл толады. Еліміз тәуелсіздік алған 1991 жылдан кейін ауыл Фрунзе атауын қайта иемденді.
Тың игеру жылдарынан кейін өзге этнос өкілдері көбірек келіп, қоныстана бастаған. Бұрын бұл жерде немістер көп тұрыпты. Қазір шекара шебіндегі ауылдық округте 1299 тұрғын бар. Соның 21% қазақтар, 41 % орыстар, 20 % украиндар, 11 % немістер, қалған 7 % әртүрлі этнос. Шамамен 16 этнос өкілдері мекендейді.
«Біздің жерде әртүрлі этнос өкілдері тұрады. Пасха мерекесінде, Айт мейрамында бір бірімізді құттықтап, құрмет білдіреміз. Өзара түсіністік пен сыйластықтың нәтижесінде ауылымыздың бірлігі жарасым табуда. Кез келген шаруаға ауыл әкімі, кәсіпкерлер, жергілікті тұрғындар бірге үлес қосады. Ауыл шаруашылық тауарын өндірушілер қарияларға, мұқтаж жандарға мереке сайын сый сияпат жасайды. Ауылымызда 305 зейнеткер, 4 тыл ардагері және ауған соғысының ардагерлері бар. Қарт кісілер қоғамдық оқиғаларға белсенді араласады. Біздің кеңестің «Мои года – мое богатство» деген бағдарламасы бар. Соның негізінде Туған күн және 80, 90 және 100 жылдық мерейтой иелерін салтанатты түрде құттықтап, отасқандарына 50 жыл толған алтын шаңырақтың ерлі зайыптыларын елеп-ескеріп отырамыз», – дейді Красноармейский ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Гүлзейнеп Есілбаева.
Бірлігі бекем ауылдастар қайырымдылық жасауға асық тұратын көрінеді.

Жылда қарттар күнінде жергілікті ЖШС зейнеткерлерге 4,5 тонна ұн бөледі. Әр зейнеткерге жылына бір мәрте тегін 25 кг ұн үлестіреді. Ауыл кәсіпкерлері жыл сайын 2 миллион теңгеге жуық қаражат бөліп, әлеуметтік осал топтарға, көпбалалы отбасыларға (олардың саны жетеу) көмек көрсетеді. Қарапайым тұрғындар да көше-көше болып бірігіп жылу жинап, мұқтаж отбасыларға азық-түлік алып беріп отырады.

Ауылдық округте екі мектеп бар. Бірі Фрунзедегі 11 жылдық жалпы білім беретін мектеп, екіншісі Красноармейскийдегі 9 жылдық білім ошағы.
Барлығы 212 оқушы бар. Бір балабақша жұмыс істейді. Балалар бақшасы 2025 жылы күрделі жөндеуден өтіп, былтыр желтоқсан айында салтанатты түрде ашылғаны туралы газетімізде жазғанбыз. Іс шараға облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысып, сондай керемет жиын болған еді. 65 орынға шақталған бақшаға қазір 55 бала барып жүр.

Бұдан бөлек мәдениет үйі, наубайхана, шаштараз жұмыс істейді. Интернет қондырғысы да қолжетімді.

Үлкен стадион, футбол алаңы жасақталған. «Фрунзенское» ЖШС стадионға 10 миллион теңгеге жаттығуға арналған заманауи жабдықтар алып берген. 2023 жылы хоккей корты салынды. Жазда ол жерде балалар шағын футбол ойнайды. Қыста мұз қатырып, шайбалы хоккейді ермек қылады.
Ауыл халқына медициналық қызмет көрсететін дәрігерлік амбулатория бар. Әйет ауылы, Заәйет станциясы, Красноармейский, Кочержинов бөлімшелерінің тұрғындары осында келіп ем-дом алады. Мекеме штатында фельдшер, акушер, педиатор бар. Ем-шара бөлмесі, күндізгі стационарға қашан барсаңыз да кезек күткен адамдарды көресіз.

«Біздің учаскеде 1606 адам тіркелген. Одан бөлек қасымыздағы басқа ауылдардан келетін пациенттер бар. Бәрін қабылдаймыз. Жүкті әйелдер де біздің бақылауымызда болып, есепте тұрады. Жедел жәрдем қызметінің көлігі бар. Бірақ арнайы бригада жоқ. Жедел көмекке шақырту түссе мейірбикелер барып, тиісті жұмыстарды атқарады. Жалпы тәжірибелік дәрігер болып еңбек етіп жатқаныма қырық жылға жақындады. Өткен заманның медициналық мүмкіндігі мен бүгінгі дәуірдің жетістігінің арасы жер мен көктей. Қазір озық технология, неше түрлі жабдықтар қолданылады. Еңбек жолымда байқағаным қазір дәрігер мен пациенттің арасында сөйлесу аз. Дәрігерлердің науқаспен әңгімелесіп, жай күйін сұрауға уақыты жетпейді. Өйткені әр пациентке белгілі бір уақыт ішінде ем тағайындап үлгеріп, компьютермен бағдарламаға тезірек енгізу қажет. Десек те қазіргі заманда медицина саласының даму қарқыны жоғары», –деп бағалайды тәжірибелі дәрігер Евгений Шаров.
Ауылда зейнеткерлер баршылық. Сондықтан пациенттер көбінесе қан қысымының жоғарылауы, қант диабеті, жүрек аурулары, жүйке жүйесінің дерті және маусымдық суық тию ауруларымен көп шағымданады екен. Дәрігерлік амбулаторияда зертхана, ЭКГ кабинеті бар. Екі жыл бұрын ғимараттың төбесін ауыстырып, сыртын тегістепті.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Денисов ауданы
