Қостанайлық жас шахматшы Иман Набиевтің есімі қысқа уақыт ішінде күллі республикаға танылып үлгерді. Былтыр күзде ерлер арасындағы классикалық шахматтан Қостанай облысының чемпионатында жеті жасар Иман қол жүлдегер атанды. Сол кезде ересектер арасындағы шахмат турнирінде баланың жүлделі орынға ие болуы облыс тарихындағы ерекше оқиға деп бағаланды. Бағы жанып, бабы келіскен баланың бұдан да бөлек жетістіктері жетерлік. Жуырда талантты шахматшыны қала әкімі Марат Жүндібаев құттықтап, сыйсияпат жасады.
Иман Набиев ШриЛанкадағы шахматтан Азия чемпионатында бақ сынап, бірден екі жүлдеге, яғни, бірінші және үшінші орындарға ие болды. Бұдан соң спорт шеберіне үміткер атанды. Биыл маусым айында Батуми қаласында өткен әлем чемпионатында тағы да жерлесіміздің жұлдызы жанды. Ол жерде күміс жүлдені қанжығасына байлады. Бүгінде Иман шахматтан Қазақстан құрамасының сапына алынған. Жас та болса бас болып, шахмат көшін бастаған шынашақтай баланың алар асуы таусылмасын! Байрақты бәсекелерде облысымыздың намысын қорғап жүрген Иман Набиев туралы толығырақ газетімізден оқи аласыздар.
Қымбат ДОСЖАНОВА