Серікжан Мужиков: “Атыраудағыдан мүлде басқаша ойын көрсетеміз”

Серікжан Мужиков: “Атыраудағыдан мүлде басқаша ойын көрсетеміз”

Көптен күткен УЭФА-ның лига конференция ойындары да басталуға жақын. Ертең “Тобыл” Финляндияның “Хонка” командасын қабылдайды. Соған байланысты ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында команданың бас бапкері Милич Чурчич пен команда капитаны Серікжан Мужиков алдағы кездесу жайлы ойларын ортаға салды.


“Біз қарсыласымызды зерделеп, ойнау тәсілдерімен танысып жатырмыз. Үнемі алға ойнап, қысқа қашықтықта доп алмасуға көп иек артады. Құрамында стандарттарды жақсы орындайтын тәжірибелі ойыншылары да бар. Осы бағытта қарсы әдіс қолданып, жақсы ойын көрсетеміз деп ойлаймын”, – деді бас бапкер.

Бапкерінің бұл сөзін құптағандай Серікжан Мужиков:
“Ертең болатын ойын бізге оңай болмайды. Бәрі жақсы болатынын зор сеніммен айта аламын. Еуропалық деңгейдегі ойынның, әрине, жауапкершілігі мол. Өткен Атыраудағы дан мүлде басқаша ойын көрсетеміз”, – деді капитан.

Осы тұста әріптестеріміздің тарапынан команданың негізгі қорғаушысы Александр Марочкиннің елордалық клубқа кездейсоқ ауысуы төңірегінде де сауалдар қойылды.
“Кейбір жағдайларда шешемді бас бапкер қабылдамауы мүмкін. Әрине, жанкүйер қауымды түсінемін, клубпен ара қатынасын үзген қос ойыншының да көрсеткіші жаман болған жоқ. Алайда, әр ойыншының өз қалауы болады. Өздерінің тарапынан шешім қабылдауға құқықтары бар. Ал, жаңадан келген ойыншыларға келсек, екеуі де өз елдерінің белді клубтарында өнер көрсеткен жақсы орындаушылар. Екеуі де стандартты жақсы пайдалана алады. Сол үшін де командаға пайдасы тиері сөзсіз. Павел Забелиннің бұған дейін бұрынғы командасында толық ойнап келе жатқаны ұжымға тез үйренуіне септігі зор”, – деді Милич Чурчич.

Жаңалықтармен бөлісу