Жеті жасында домбыра ұстаған бала – елге танылған күйші

Жеті жасында домбыра ұстаған бала – елге танылған күйші

Амангелді ауданында күйші-композитор Айтбай Мұздахановтың 85 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтіп, ұлттық өнерге тағзым еткен тағылымды кеш өтті.

Қ. Әбенов атындағы Амангелді аудандық мәдениет үйіне жиналған өнерсүйер қауым қазақтың қасиетті домбырасын серік етіп, ғұмырын күй өнеріне арнаған дара тұлғаға зор құрмет көрсетті. «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, С. Нұрмағамбетов медалінің иегері, «Амангелді ауданының құрметті азаматы» Айтбай Мұздахановтың мерейтойына арналған «Елім-ай» шығармашылық кеші ұлттық өнердің салтанатына айналды.

Айтбай Мұздаханұлы 1941 жылғы 15 қазанда Қостанай облысы Аманкелді ауданының Кемер ауылында дүниеге келген. Өнер дарыған әулеттен шыққан оның атасы Молдаш пен әкесі Мұздахан да өнерден кенде болмаған. Жеті жасында қолына домбыра алған жас Айтбайдың үйренген алғашқы әуені – Ахмет Жұбановтың «Қарлығаш» әні. Сол сәттен басталған өнер жолы уақыт өте келе талай сырлы күйге, тағылымды туындыға ұласты.

Мерейтой кешінің шымылдығын Астана қаласы әкімдігінің Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының Қазақ оркестрі ашты. Оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері, Қазақстанның халық әртісі, «Парасат» орденінің иегері, профессор Айтқали Жайымов жетекшілік ететін ұжым мерейтой иесінің «Амангелді дүбірі» күйін орындады. Күй тізгінін ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Бекенов ұстады.

Сахна төрінде шырқалған әрбір әуен көрерменнің жүрегіне жол тауып, туған жерге деген сүйіспеншілік пен ұлттық өнерге деген құрметті тереңдете түсті.

Кеш иесінің қызы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Анар Мұздаханова әкесінің «Домбыра сазы», «Қызыл керуен», «Тел қара», «Бәштөк», «Балалы киік» секілді туындыларын нақышына келтіре орындады. Әке мұрасын өнерімен өрнектеген қызының өнер көрсетуі кештің ерекше әсерлі сәттерінің біріне айналды.

Ұлттық өнердің сабақтастығы — ұрпақтар арасындағы алтын көпір. Мұны кештің ең жас қатысушысы, композитордың батасын алған жас талант Әлинұр Бірліктің өнері айқын көрсетті.

Арқалық қаласының 70 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған домбырашылар байқауында бірінші орын иеленген жас орындаушы өзінің тырнақалды туындысы «Терісағып» күйін көпшілік назарына ұсынды. Жас домбырашының өнері — Айтбай Мұздаханов сынды тұлғалардың өнегесі кейінгі буынға жол сілтеп, ұлттық өнердің өміршеңдігін арттырып келе жатқанының жарқын көрінісі.

Айтбай Мұздаханов 1958–1960 жылдары Қостанай қаласындағы №18 қолөнер училищесінде электромеханик мамандығын меңгерген. Алайда жүрек қалауымен таңдалған өнер жолы оны күй әлемінің биігіне жетеледі.

Мерейтой кешінде композитордың туған жерге деген ыстық ықыласынан туған шығармалары да кеңінен насихатталды. Халық ақыны Әсия Беркенованың сөзіне жазылған «Жасай бер, жаса — Қостанай» әні орындалып, өзге де төл туындылары өнер майталмандарының орындауында туған жер аспанында әуеледі.

Қазақ оркестрінің орындауында композитордың үш бөлімнен тұратын «Кейкі ғұмыр» шығармасы мен «Елім менің» музыкалық дастаны тыңдарманға жол тартты. Тарих пен тағдырды, елдік пен ерлікті әуен тілімен жеткізген бұл туындылар кештің мазмұнын байытып, көрерменге рухани әсер сыйлады.

Тағылымды кештің соңында мерейтой иесіне аудан әкімінің атынан гүл шоқтары ұсынылды. Амангелді ауданының әкімі Қанат Кеделбаев құттықтау сөз сөйлеп, ақсақалдың иығына шапан жауып, астына ат мінгізді. Бұл — елге еңбегі сіңген өнер иесіне көрсетілген ерекше құрметтің белгісі.

Облыстық мәдениет басқармасына қарасты Халық шығармашылығы мен кинобейнеқор орталығының құттықтау хаты мен сый-сияпаты табысталды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Есім Дауылбай мен музыка мектебінің директоры Кенжеболат Ахметов те сахна төрінен құттықтау білдіріп, мерейтой иесіне ізгі тілектерін арнады.

blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank

Кеш аясында композитор Айтбай Мұздахановтың «Амангелді дүбірі» кітабының тұсаукесері өтіп, өнер иесінің шығармашылық мұрасын кеңінен танытуға тағы бір мүмкіндік туды.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Суреттерді түсірген автор

Амангелді ауданы