Құрметті жерлестер!
16 қазанда Дүниежүзілік нан күні (World Bread Day) атап өтіледі. Елімізде бұл күн «Нан күні» ретінде де мерекеленеді. Бұл мереке – маңдай тер мен адал еңбектің символы, ырыс-берекенің және өркендеудің қайнар көзі саналатын нанға деген терең құрметтің көрінісі. Еліміздің жетекші аграрлық өңірлерінің бірі саналатын облысымыз үшін бұл күннің маңызы айрықша.
Нан өсіріп, оны дастарқанға жеткізу – сан мыңдаған адамның еселі еңбегін, асқан төзімділігін, кәсіби шеберлігін, күнделікті қажыр-қайратын және туған жерге деген шынайы сүйіспеншілігін талап ететін жауапты іс.
Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерге сәйкес, облыстың аграрлық саласының алдында ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыру жөнінде ауқымды міндеттер тұр. Биыл облыс ауыл шаруашылығын дамытуға 323,4 млрд теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 56%-ға артық.
Мемлекеттің ауқымды қолдауының арқасында облыс диқандары биыл да мол өнім жинап, лайықты нәтижеге қол жеткізді. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімдерінің әртүрлі түрлері бойынша 6 миллион тоннадан астам өнім жиналды!
Бүгінде өңірімізде өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу салаларында озық технологиялар белсенді түрде енгізіліп, жаңа инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Мұның барлығы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, экспорттық әлеуетімізді арттыруға, жыл бойы тұрақты жұмыс орындарын ашуға және азаматтарымыздың өмір сүру сапасын жақсартуға зор үлес қосуда.
Өсірілген әрбір тонна астықтың, пештен жаңа шыққан әрбір бөлке нанның артында мыңдаған адамның тынымсыз әрі жанқиярлық еңбегі жатыр. Осы мерекелі күні облысымыздың ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары мен еңбек ұжымдарына, қайта өңдеу кәсіпорындары мен наубайханалардың қызметкерлеріне өңіріміз бен бүкіл еліміздің дастарқанын молшылыққа кенелтуге қосқан елеулі үлестері мен еселі еңбектері үшін шынайы алғысымды білдіремін.
Баршаңызды Нан күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке, отбасыларыңызға бақыт пен амандық, елімізге тыныштық пен бейбіт аспан тілеймін!
Әр шаңырақта әрдайым ырыс-несібе, жылулық пен молшылық орнасын! Еңбектеріңіз жемісті болып, дастарқандарымыздан нан арылмасын!
Құмар АҚСАҚАЛОВ,
Қостанай облысының әкімі
